Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қазақстандықтар Оңтүстік Кореяға заңды жолмен жұмысқа қашаннан бастап бара алатынын айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Шенеуніктің айтуынша, қазанда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Оңтүстік Кореяның Еңбек министрлігімен келіссөздер жүргізген.
«Оңтүстік Кореяда Еңбек министрлігінің басшылығы өзгеріп, келісімге келу процесі сәл кешіктірілді. Келісім дайындалып, Оңтүстік Кореяға талқылауға және келісуге жіберілді», — деді Жақыпова Мәжіліс дәлізінде.
Министр келісімді биыл жыл аяғында дейін күтетінімізді айтты.
«Сол кезде қазақстандықтар Оңтүстік Кореяға жұмысқа бара ала ма?»- деп сұрады журналистер.
«Міндетті түрде», — деп жауап берді Жақыпова.
Айта кетейік, қазақстандықтар жұмыс істеуге көп баратын елдің бірі дәл осы — Оңтүстік Корея.
2023 жылы ақпанда Сыртқы істер министрлігі Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істейтін 7-8 мыңға жуық қазақстандық бар екенін мәлімдеді.
Ал жуырда ғана еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Оңтүстік Корея билігі заңсыз жүрген 15 мыңға жуық Қазақстан азаматын елге қайтару туралы талап қойып отырғанын мәлімдеді.
Министр мемлекеттік органдар жауапты ведомство дайындаған келісімшартты мақұлдап, құжат Оңтүстік Кореяға Сыртқы істер министрлігі арқылы жіберілгенін де айтты.