ҚАЖК танымал спортшы, депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болатқа қатысты жайтқа пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
2023 жылғы 9 қазанда әскери сот Нұрасыл Болатқа айыппұл тағайындады. Іс апелляциялық сотта және Жоғарғы сотта қаралғаннан кейін 14 мамырда үкім 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу болып өзгерді.
«Сотталған адамды есепке қою үшін тұрғылықты мекен-жайын қоса алғанда, барлық қажет құжат ұсынылуы керек. Ұйымдастыру жағынан кемшіліктер болғанын мойындаймыз, бұл пробация үкімі кешігуіне әкеп соқты. Үкім 14 тамызда Алматы қаласының ҚАЖД-не келіп түсті. Сол күні Нұрасыл Болат Медеу ауданының пробация қызметінің есебіне қойылып, сот белгілеген шектеулермен танысты.
Қазір бұл жағдай мұқият қаралып жатыр. Қызметтік тексеріс басталды және нәтижелері бойынша барлық жауапты тұлға қатаң тәртіптік жауапқа тартылады», — деп жазылған хабарламада.
Кеше заңгер Анна Чернова әлеуметтік желіде Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат сот үкімін орындамай жүргенін айтты. Оның сөзінше, Нұрасыл Болат тиісті міндеттерді елемей жүр.