Қостанай қаласында жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілген мектептің қасбетінен ақау шығып, сыртқы кірпіштері үгітіле бастады. Бастапқыда небәрі он айда салынып бітуі тиіс болған нысанның құрылысы үш жылға созылып, енді пайдалануға берілгенде сапасы сын көтермей қалды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ата-аналардың алаңы және алғашқы ақаулар
Ғимарат қасбетіндегі терезе жақтауларының жоғарғы жағындағы кірпіштер мүжіліп, төмен қарай құлай бастағанын мектепке келген ата-аналардың бірі байқап, дабыл қаққан. Тұрғындар сапасыз материалдар мен асығыс біткен жұмыстар балалардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін деп алаңдайды.
Баласымен бірге мектеп ауласын аралап жүріп ақауды байқаған ата-ана Татьяна Деревянко мәселені бірден мамандарға жеткізгенін айтты.
«Балам екеуміз мектепке келгенде, ол ғимараттың неше қабат екенін санайықшы деді. Қабаттарды санап жатып, терезелердің жоғарғы жағындағы кірпіштердің үгіліп, түсіп жатқанын байқадық. Оның қаншалықты қауіпсіз екенін тексеріп, бағалау үшін мамандарға хабарластық», – деді Татьяна Деревянко.
Әкімдік пен жауаптылардың жауабы
Жергілікті билік өкілдері пайда болған ақаулар оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігіне ешқандай қатер төндірмейді деп сендірді. Анықталған кемшіліктер мердігер компанияның кепілдік міндеттемелері шеңберінде түзетіліп жатыр.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы арнайы комиссиялық тексеру жүргізіп, анықталған барлық кемшілікті ресми тіркеген. Осы тексеру нәтижесінде құрылысты қалыпқа келтірудің нақты жоспары бекітілді.
«Ақаулар анықталғаннан кейін нысанға комиссиялық тексеру жүргізіп, кемшіліктерді тіркедік. Оның аясында қосымша қаптама жасау туралы шешім қабылданды. Мердігер ақауларды жоюға кірісті», – деп түсіндірді облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Данияр Қанапин.
Ғимарат ішіндегі жарықтар мен оқу процесі
Мәселе тек ғимараттың сыртқы келбетімен шектелмейді. Мектептің ішкі қабырғаларында да сызаттар мен сынықтар, өңдеу жұмыстарының біркелкі емес тұстары анықталған. Бұл кемшіліктер де алдағы уақытта ретке келтірілмек.
Облыстық білім басқармасы басшысы Ардақ Бегатаровтың айтуынша, қазіргі уақытта оқушылар бір ауысымда білім алып жатыр. Балалар сағат 13:30-ға дейін сабақта болады. Жөндеу және қаптау жұмыстары сағат 14:00-ден кейін басталып, оқу процесіне кедергі келтірмей жүргізілуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







