Марқұм Салтанат Нүкенованы әлеуметтік желіде қорлаған блогер сот арқылы жазаға тартылды. Бұл ақпаратты Алматы соттары жариялады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының 2024 жылғы 20 мамырдағы шешімі заңды күшіне енді. 2023 жылы желтоқсанда Бударов «budarov_anton» парақшасы арқылы «Бишімбаевтың әйелі Салтанат жәбірленуші деп есептемеймін. Ол қарапайым абюзер, төбелес шығарған. Астрология курстарын сатқан алаяқ. … Бірақ олар қарапайым кокаинге тәуелді отбасы, … ол қарапайым маргинал,…» деп таратқан жазбасы шындыққа сай келмейді деп танылған.
Аудандық сот бұл мәліметтерді С.А. Нүкенованың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіреді, шындыққа сәйкес келмейді деп танып, А.Ю. Бударовты Instaqram-да «budarov_anton» парақшасы арқылы бұл ақпараттың бәрін жоққа шығаруға міндеттеген.
Сотта А.Бударов Instagram-дағы «budarov_anton» парақшасы өзіне тиесілі екенін жоққа шығарған. Дегенмен дәлелдер іс материалдарымен жоққа шығарылды. Instagram парақша А.Бударовқа тиесілі телеграмм желісімен байланысты болып шыққан.
Сот мәліметінше, YouTube әлеуметтік желісінде де жауапкердің бейнежазбаларын жариялайтын «Антон Бударов [Буданбай]» аккаунты бар. Әр бейнежазбаның астында жауапкердің Instagram-да «budarov_anton» атты жеке парақшасы бар екені айқын көрсетілген.
Сот шешімі елдегі жоғары оқу орындарының бірінің тіл маманының қорытындысына негізделген. Маман сараптама жасай келе, мәтінде «қоғамға қарсы, әлеуметтік тұрғыдан айыпталатын әрекеттер айқындалған, сондықтан Нүкенова, оның отбасына қатысты теріс ақпарат жеткізілген» деген қорытынды шығарған.
«Сот процесінде жауапкердің тарапынан сарапшының қорытындыларын жоққа шығаратын бірде-бір дәлел келтірілмеген, сараптама жүргізу туралы өтініш берілмеген, осылайша процестік қатеге жол берілген. Сондықтан талап қоюшы жауапкер А.Бударов тарапынан шындыққа сәйкес келмейтін және С.Нүкенованың ар-намысын, қадір-қасиетін төмендететін деректер таралғаны дәлелденді», — деп жазылған мәліметте.
Айта кетейік, Нүкенованың өліміне қатысы бар Бишімбаев 24 жылға, Байжанов 4 жылға сотталды.