Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Үкімет басшысы Олжас Бектеновке үндеу жолдап, Президент Тоқаев айтқан «отаншыл кадрлар» Парламенттен де табылатынын айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Депутат Бапи күні кеше Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөз еткен кадр мәселесіне тоқталды. Бапидің айтуынша, Президент Үкіметке айқындап берген бес міндет: «…ірі инфрақұрылымдық жобаларды, цифрландыру және жасанды интеллект, ядролық энергетиканы дамыту, агроөнеркәсіп кешенін нығайту және инвестиция тарту мәселелерін» — жалпы алғанда экономикалық түйткілдердің тетігін тек кадр шешеді.
«Тағы да Президенттің сөзімен айтсақ, «экономиканың дамуы жаман болмаса да», оның қарқынына Мемлекет басшысының көңілі толмайтынын білдік. Бірақ Президент жоғарыда аталған бес мәселені алдағы бес жылда орындау міндетін қойып отыр. Еске сала кетейік, алдағы бес жылмен президенттік құзіреттің жеті жылдық мерзімі шектеледі. Яғни, Президент Тоқаев өз мойынына алған міндеттердің орындалғаны жөнінде халық алдында рапорт беріп кетуге түбегейлі оқталған адам», — деді ол.
Мәжіліс депутаты алда үлкен міндет тұрғанын тағы бір мәрте Үкіметтің есіне салды.
«Оқталған адамның» талабы да, кәрі де қатты боларын үдірейген Үкімет қапер қылу керек! Бұл мақсаттың мүлтіксіз және сөзсіз орындалуы Президентке парыз болса, үкіметке үлкен міндет болмақ. «Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін тұтас мемлекеттік аппарат тиімді жұмыс істеуі тиіс. Мемлекеттік аппараттың басты міндеті – азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешу. Ол үшін, ең алдымен, азаматтармен ұдайы байланыста болу керек. Онсыз болмайды». Бұл да Президенттің сөзі. Президенттің сөз әлпетінен аңғарар болсақ, қоғамның да қышыған қотырына қасу болар бұл міндеттерді орындайтын кім? Ол – кадр! «Кадр бәрін де шешеді!» деген бұрыннан бір тәмсіл барын білеміз» — деді ол.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Бізге, ең алдымен, білікті және ел мүддесін ойлайтын отаншыл кадрлар керек. Дәл осындай мамандарды тауып, оларды басшылық лауазымдарға тағайындаймыз» деген болатын.
«Мұндағы тірек (ключевое) сөз – «табамыз»! Ал «басшылық лауазымға тағайындайтын» мұндай кадрларды алыстан немесе Марстан іздеу қажет емес. Олар біздің жанымызда жүр. Президент айтқандай, жауапкершілікті мойынына ала алтын, отаншыл, мемлекетшіл, ұлттық мүдде жолында жанын салатын, табанды азаматтар баршылық.
Ендеше, Олжас Абайұлы, бірінші кезекте ел мүддесін ойлайтын ондай оғлан азаматтарды бизнестен және азаматтық қоғамнан батыл іздеу керек! Мемлекеттік аппаратта жылжымай жылдап отырған, лауазымдық жауапкершіліктен бұрын, жеке басының қауіпсіздігін күйттейтін, «сауысқаннан сақ», әбден сүрленіп біткен бұрынғы бюрократқа қарағанда, бізге елдегі өзгерістің бойына балғын қан жүгіртетін кадр қажет.
Айтпақшы, (Ерлан Жақанұлына қарата) ондай «сен – тұр, мен – атайын» дейтін жұлынып тұрған және өзінің елін Президентпен бірге өзгертуге құлшынысы қайнап тұрған жастар осы залда да отыр. Мен оларды өз көзіммен күнделікті көріп жүрмін (парламенттік партада қатар отырған Жанарбек, Елнұр, Ринат). Бұлар нағыз президенттік талапқа лайық жігіттер! Ерлан Жақанұлы, ең бастысы – былықпен былғанбаған, азаматтық ерік-жігері таза жас депутаттарды атқарушы билікке «делегировать» ететін кез келген сияқты. Оларды мемлекеттік органдардың шарығында шыңдап, оты мен шоғына қақтап алып, нағыз мемлекетшіл тұлға қалыптастыру халықтық қажеттілік болса керек!» — деді ол.