Орталық Азия мен Әзербайжан мемлекеттері басшыларының кеңесінде Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік логистика мен экологиялық қауіпсіздікке қатысты маңызды мәселелерді көтерді. Мемлекет басшысы инфрақұрылымдық жобалар толық жүзеге асса, 2040 жылға қарай Каспий арқылы өтетін жүк тасымалы төрт есе ұлғаятынын атап өтіп, аймақтың тұрақтылығына тікелей әсер ететін трансшекаралық су мәселесін шешудің нақты тетіктерін ұсынды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Каспий арқылы тасымал төрт есе артады
Президент көлік-логистика саласындағы жаһандық байланысты нығайту үшін халықаралық бастамаларды өзара кіріктіру қажеттігіне назар аударды. Дүниежүзілік банктің есебіне сүйенсек, алдағы жылдары құрлықтық дәліздерді жаңғырту және порт инфрақұрылымын кеңейту Каспий айдынындағы сауда айналымын бірнеше есе көбейтуге мүмкіндік береді. Осы орайда Қазақстан Орта дәлізді басқа да халықаралық көлік жобаларымен біріктіруді жөн санайды.
– Орта дәлізді TRIPP көлік бастамасымен ұштастыру мәселесін сарапшылар деңгейінде талқылауға болады деп ойлаймын. Аталған жоба әлеуетімізді арттырады әрі барлық мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесіне сай келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Орталық Азияның су пайдалану конвенциясы
Мемлекет басшысы көлік саласымен қатар, аймақтың тұрақтылығына төнген ең күрделі қатер ретінде су тапшылығын атады. Климаттың өзгеруі мен өңірдегі халық санының өсуі жағдайында трансшекаралық өзендерді тиімді басқару стратегиялық міндетке айналып отыр. Президент көршілес елдерді ортақ ереже қабылдап, ресурстарды өзара түсіністік пен тең құқылы серіктестік негізінде бірлесе реттеуге шақырды.
– Алдымызда трансшекаралық су ресурстарын басқарудың тың тәсілдерін әзірлеу міндеті тұр. Осы жұмыста өзара құрмет, теңқұқылық қағидаттары негізге алынып, аймақтағы барлық елдің мүддесі ескерілуі керек. Орталық Азияның су пайдалану бойынша негіздемелік конвенциясын қабылдау ынтымақтастықтың жаңа өңірлік архитектурасын қалыптастыратын алғашқы қадам болар еді. Құжат жобасы тараптардың қарауына ұсынылды. БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасы өте өзекті. Оны халықаралық, атап айтқанда, Орталық Азияның ортақ ұстанымы ретінде бірге ілгерілету су ресурстарын басқарудың жаһандық жүйесіне қосқан үлесіміз болмақ, – деді Президент.
Қазақстан ұсынған бұл бастамалар Орталық Азияда су дағдарысын болдырмауға, көршілес елдер арасындағы сенімді нығайтуға және өңірдің халықаралық аренадағы тұтас саяси беделін көтеруге жол ашпақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







