Вашингтон Германия аумағында ұшу қашықтығы 2500 шақырымға дейін жететін Tomahawk зымырандарымен жабдықталған батальонды орналастырмайды. Мұндай жоспар туралы 2024 жылы сол кездегі АҚШ президенті Джо Байден мен Германия канцлері Олаф Шольц келісімге келген еді. Ол Еуропа өз алыс қашықтықтағы зымырандарын әзірлеп болғанға дейін уақытша тежеу құралы ретінде қарастырылған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл шешім АҚШ-тың Германиядан 5 мыңнан астам әскери қызметкерін шығару жоспарымен қатар айтылып отыр. Reuters мәліметінше, Германия канцлері Фридрих Мерц Вашингтонмен арадағы салқындықты бәсеңдетуге тырысып, АҚШ НАТО аясындағы маңызды одақтас болып қала беретінін айтты.
Сонымен бірге ол Tomahawk орналастыру бойынша Дональд Трамп нақты міндеттеме алмағанын және АҚШ-та мұндай қарудың өзіне де жеткіліксіз болуы мүмкін екенін меңзеді.
Неміс қауіпсіздік сарапшылары үшін басты алаңдаушылық дәл осы жерде. Әскердің бір бөлігін шығару сандық тұрғыдан ауыр көрінгенімен, Tomahawk-тан бас тарту Ресейге қарсы тежеу қабілетінде нақты бос кеңістік қалдырады.
Берлиндік сарапшы Кристиан Мёллинг Financial Times-қа бұл жағдайды америкалық әскердің ротациясынан әлдеқайда күрделі мәселе деп бағалаған. Оның сөзінше, ұзақ қашықтыққа соққы жасау мүмкіндігі бойынша Германия мен Еуропада үлкен кемшілік бар.
Tomahawk зымырандары НАТО үшін тек шабуыл құралы ретінде емес, Ресейдің әскери жоспарлауына алдын ала қысым жасайтын фактор ретінде қарастырылды. Мұндай қару қарсыласты НАТО шекарасына жақындаған кезде ғана емес, одан әлдеқайда ертерек кезеңде тежеуге мүмкіндік береді.
АҚШ шегінді, Еуропа ойланды
Әсіресе Калининградта орналасқан Ресей зымырандары Германия мен Еуропа үшін тұрақты қауіп саналып отырған кезде, Берлинге қарсы салмақ қажет еді.
Неміс сарапшысы Нико Ланге де осы мәселеге назар аударды. Оның айтуынша, Калининградтағы Ресей зымырандары Германия үшін нақты қатер тудырады, ал Берлинде оған жауап болатын ұқсас қару жоқ. Германия бұл мүмкіндікті АҚШ арқылы алғысы келген, бірақ енді ол жоспар іске аспай қалуы мүмкін.
Мюнхендегі Бундесвер университетінің профессоры Карло Масала да Еуропаның тежеу әлеуетінде елеулі олқылық пайда болғанын айтты. Оның пікірінше, мұндай бос кеңістікті Еуропа өз қаруымен кейін ғана толтыра алады.
Яғни жақын жылдары Германия Ресейге қарсы алыс қашықтықтағы дәл соққы мүмкіндігі бойынша АҚШ-қа сүйене алмай қалуы ықтимал.
Бұл жағдай трансатлантикалық қауіпсіздік жүйесіндегі ескі сұрақты қайта көтерді. Еуропа қауіпсіздігін қанша уақытқа дейін АҚШ қаруына сүйеп ұстай алады? Вашингтон Иран соғысы, ішкі саяси есеп және Азия-Тынық мұхиты бағытындағы бәсеке сияқты мәселеге басымдық берген сайын, Еуропаның қорғаныс дербестігі күн тәртібіне өткір шығып отыр.
Германия үшін Tomahawk жоспарының тоқтауы жай ғана бір қару түрінен айырылу емес. Бұл Ресейге қарсы стратегиялық тежеу жүйесіндегі уақытша қалқанның алынуы. Енді Берлинге не өз зымыран бағдарламасын жылдамдатуға, не Еуропа елдерімен бірлескен қорғаныс жобаларын күшейтуге тура келеді.
Әйтпесе НАТО-ның шығыс қанатындағы қауіп күшейген сәтте Германияның қолында жауап беретін алыс қашықтықтағы құрал жеткіліксіз болып қалуы мүмкін.
Бүгінде Берлин де қол қусырып қарап отырған жоқ. Украина мен Германия қорғаныс саласындағы әріптестікті дамытып, бірлесіп қару-жарақ шығаруға уағдаласты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







