Алматы облысы Қарасай ауданындағы «Түркістан-1» мешітінде балаларды қамшы тәрізді затпен сабаған ұстаз Дүйсехан Нұрберді қызметінен босатылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әлеуметтік желіде діни сауат ашу сыныбында шәкірттерді аяусыз жазалаған оқытушының бейнежазбасы тарап, қоғамда қызу талқыланды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мән-жайды анықтап, балаларға күш көрсеткен дін қызметкерін бірден жұмыстан шығарды. Сонымен қатар оқиға бойынша құқық қорғау органдары тексеру жұмыстарын бастады.
«Имани жаз» курсындағы келеңсіз оқиға
ҚМДБ Алматы облыстық өкілдігі таратқан мәліметке сәйкес, жағдай жазғы демалыс кезінде өткізілген «Имани жаз» діни сауат ашу курсы барысында орын алған.
Бейнебақылау камерасындағы жазбада ұстаздың оқу бөлмесіндегі шәкірттерді қамшы тәрізді затпен бірнеше мәрте соққыға жығып, балалардың шырылдап жылап жатқаны анық көрінеді.
Діни басқарма өкілдері арнайы жиын өткізіп, оқытушының әрекетіне ресми баға берді.
«Мешіт ұстазы Дүйсехан Нұрберді балаларды тәртіпке шақыру барысында эмоцияға беріліп, ұстаздық әдеп пен педагогикалық талаптарға сай келмейтін әрекетке жол берген. Оқиға белгілі болғаннан кейін арнайы жиналыс өтіп, мән-жай жан-жақты қаралды. Дүйсехан Нұрберді өз қателігін мойындап, өкініш білдіріп, ата-аналардан кешірім сұрады. ҚМДБ бұйрығына сәйкес ол мешіт ұстазы қызметінен босатылды», – делінген өкілдіктің ресми хабарламасында.
Ата-аналардың ұстанымы мен құқықтық тексеру
Діни басқарма өкілдігі ұстаз өз кінәсін мойындағаннан кейін ата-аналардан дау-шағымның жоқтығы жөнінде жазбаша және бейнежазба түріндегі мәлімдемелер алынғанын жеткізді. Дегенмен желіге тараған бейнежазба жұртшылықтың наразылығын тудырып, мәселеге құзырлы органдар назар аударды.
Алматы облыстық полиция департаменті оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында тиісті тексеру амалдарын қолға алды. Тәртіп сақшылары балаларға қатыгездік көрсету және кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау дерегі бойынша тергеу жүргізілетінін мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







