Украина президенті Владимир Зеленский Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында Украина Кремльмен келіссөздерге тек Вашингтон тарапынан кепілдік берілген жағдайда бара алатынын мәлімдеді. Бұл туралы РБК жазды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
«Жалғыз мәселе: қауіпсіздік кепілдіктері қандай болатынында. Шынымды айтсам, келіссөздерге дейін бәрін түсініп алғым келеді», – деді ол.
Зеленский «кейбір еуропалық достар» басқаша ойласа да, АҚШ-тың қатысуынсыз мәселені реттеу мүмкін емес деп санайды.
«АҚШ-сыз ешкім тәуекелге бармайды», – деді ол.
Украина президенті бұл мәселеде ең ықпалды саясаткерлердің қатарында Дональд Трамп пен Қытай басшысы Си Цзиньпинді атады:
«Менің ойымша, мұны шын мәнінде жүзеге асыра алатын басқа одақтас жоқ. Путиннің экономикасы Қытайға қатты тәуелді», – деді Зеленский.
Оның сөзінше, Киев Украина тағдырының оның қатысуынсыз шешілгенін қаламайды. Ол АҚШ мұндайға жол бермейді деп сенетінін айтты.
Өзінің әлеуметтік желілерінде Зеленский Ресейге қысым көрсету үшін энергетикалық ресурстарға, әсіресе, мұнайға қатысты шектеулер енгізу «бейбітшілік пен нақты қауіпсіздіктің ең маңызды кілттерінің бірі» екенін мәлімдеді.
«Күш қолдану арқылы бейбітшілікке қол жеткізуге болады және біз бұған толық сенімдіміз. Ең бастысы – қарқынды бәсеңдетпей, Ресейге қысым көрсетуді жалғастыру… Еуропа энергетикалық ресурстар саласында Ресеймен емес, Америкамен және басқа да жаһандық серіктестермен тығыз ынтымақтасуы керек», – деп жазды Зеленский.
Бұған дейін Трамп егер Мәскеу Украина бойынша келісім жасаудан бас тартса, Ресейге қарсы санкциялар мен жоғары тарифтер енгізетінін айтып, сес көрсетті.