Өндірістегі адам өміріне төнетін қауіп-қатерді азайтуға және еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған қадамдар, өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейту шаралары, жалпы Президент тапсырмалары туралы сарапшылар пікір білдірді,– деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Мемлекет басшысы Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» корпорациясына қарасты кеніште орын алған қайғылы оқиғаға байланысты өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударды. Президент өндірістік нысандарда қауіпсіздік талаптарының өрескел бұзылуын және заманауи қауіпсіздік жүйелерінің жеткіліксіздігін сынға алды.
«Бекітілген талаптардың өрескел бұзылған фактілері бар. Нысандардың өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесімен жабдықталу деңгейі өте төмен. Компаниялар еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жобаларға тиісті мөлшерде инвестиция салмайды. Мұның барлығы техногенді апаттарға, жұмысшылардың қаза табуы мен жарақат алуына әкеп соқтырады»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Үкіметке еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Атап айтқанда, өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларының сақталуын тексеру; заманауи қауіпсіздік жүйелерін енгізу (газ белгі беру құрылғылары, сейсмикалық қондырғылар, позиционирлеу жүйесі және т.б.); болжау мен құлақтандырудың автоматтандырылған жүйесін қолдана отырып, өндірісті цифрландыру; инвестиция көлемін ұлғайтып, жұмыс бағдарламаларын қайта қарау; өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бақылау мен қадағалауды күшейту шаралары. Президент Әкімшілігі бұл тапсырмалардың орындалуын ерекше бақылауда ұстайтын болады. Өндірістегі адам өміріне төнетін қауіп-қатерді азайтуға және еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған қадамдар, өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейту шаралары, жалпы Президент тапсырмалары туралы сарапшылар пікір білдірді.
Рамазан Бекбол Батыржанұлы, Алматы қаласы мәслихатының депутаты, AMANAT фракциясының мүшесі:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» корпорациясына қарасты кеніште орын алған қайғылы оқиғаға байланысты көтерген еңбек қауіпсіздігі мәселелері өте орынды және уақыт талабына сай деп есептеймін. Өндірістік қауіпсіздік – тек жұмысшылардың өмірі мен денсаулығы ғана емес, сонымен қатар еліміздің экономикалық тұрақтылығы мен дамуы үшін де маңызды. Президенттің тапсырмалары осы саладағы қауіпсіздік шараларын нақты түрде нығайтуға бағытталған және мен оны толықтай қолдаймын.
Нысандарда өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларының сақталуына қатысты тексеру жүргізу – бұл өте дұрыс қадам. Тексерулер арқылы көптеген қауіп-қатерлерді анықтауға болады, сондықтан мұндай шаралардың орындалуы жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аса маңызды деп санаймын.
Заманауи қауіпсіздік жүйелерін енгізу, мысалы, газ белгі беру құрылғыларын және сейсмикалық қондырғыларды орнату, осы мәселелерді шешудің өте тиімді тәсілі. Қауіпсіздік жүйелері техникалық жағынан жетілдірілген болса, бұл апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Болжау мен құлақтандырудың автоматтандырылған жүйесін енгізу – өте маңызды әрі заманауи қадам. Цифрландыру арқылы қауіптер туралы жедел ақпарат алу, жұмысшыларға қауіп туралы хабарлау – бұл технологияның жұмыстың қауіпсіздігіне қосатын үлкен үлесі деп білемін.
Қауіпсіздік жүйесіне инвестиция салуды арттыру да өте орынды. Заманауи технологиялар мен құралдарды енгізу үшін қаржы бөлу қажет, бұл апаттардың алдын алу мен жұмысшылардың қауіпсіздігін арттыру үшін маңызды.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бақылауды күшейту өте дұрыс шешім деп санаймын. Қатаң бақылау жүйесі заң бұзушылықтарды болдырмайды және жұмыс орнында қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.
Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының тапсырмалары өте орынды және тиімді бағытта қабылданған шешімдер болып табылады. Әрбір тапсырма еңбек қауіпсіздігін арттыру, жұмысшылардың өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ өнеркәсіптік сектордың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды қадам болып табылады. Заманауи технологиялар мен жүйелердің енгізілуі, нысандарды цифрландыру, өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларын қатаң сақтау және қадағалауды күшейту – бұл саланы дамыту және апаттардың алдын алу үшін қажетті шаралар.
Президенттің тапсырмалары өндірістік қауіпсіздік мәселесін кешенді түрде шешуге бағытталған нақты қадамдарды қамтиды. Қазіргі уақытта өндірістік қауіпсіздік мәселелері барынша өзекті, сондықтан әрбір қабылданған шараның тиімділігі мен ықпалы үлкен. Техногенді апаттардың алдын алу үшін тек мемлекеттік бақылауды күшейту ғана емес, сондай-ақ кәсіпорындардың өздеріне де жауапкершілікті арттыру қажет.
Кеңесов Әкежан Бақытұлы, Алматы қаласы Жетісу ауданының Комьюнити орталығының жетекшісі:
Ұлытау облысындағы кеніште болған қайғылы оқиға – еліміздегі еңбек қауіпсіздігі мәселесінің қаншалықты өткір тұрғанын тағы бір мәрте көрсетті. Өндірістік нысандарда қауіпсіздік талаптарының жүйелі түрде бұзылуы, заманауи технологиялардың жеткіліксіздігі және компаниялардың бұл салаға инвестиция салуға құлықсыздығы үлкен қателікке айналып отыр.
Бұл жағдай негізгі мәселені айқындады. Көптеген кәсіпорындарда адам өмірі мен қауіпсіздігі бизнес табысынан кейінгі екінші кезектегі мәселе болып қалған. Президент атап өткендей, еңбек қауіпсіздігіне жеткілікті қаржы бөлінбейді, ал бұл, ақыр соңында, орны толмас қайғылы жағдайларға әкеліп соқтырады. Егер бұл салаға баса назар аударылмаса, осындай апаттардың қайталануын тоқтату мүмкін болмайды.
Президент ұсынған реформалар, әсіресе өндіріс орындарын цифрландыру мен қауіпсіздік жүйелерін енгізу – өте орынды қадам. Бірақ басты мәселе – осы бастамалардың іс жүзінде дұрыс орындалуы. Егер қағаз жүзінде есеп беріп, ал шын мәнінде ештеңе өзгермесе, онда бұл тапсырмалар да жай ғана сөз болып қалады.
Мұндай қайғылы жағдайлар қайталанбас үшін өндірістегі қауіпсіздік стандарттарын түбегейлі өзгерту қажет. Компанияларға қауіпсіздік шараларын күшейтуге нақты міндеттеме жүктеу, еңбек инспекцияларының жұмысын ашық ету және жұмысшылардың құқықтарын қорғауды күшейту – бұл саладағы ең маңызды қадамдар болуы тиіс.
Өндірісте жұмыс істейтін әрбір азаматтың үйіне аман-есен оралуы – мемлекеттің басты міндеті. Біз адам өмірін қорғау қағидатын бизнес мүддесінен де, экономикалық есептерден де жоғары қоюымыз керек. Өйткені кез келген өндірістің жүрегі – оның жұмысшылары. Егер олардың қауіпсіздігіне салғырт қарасақ, онда біз өз болашағымызға да немқұрайлы қарағанымыз. Қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыру – тек Үкіметтің немесе бизнес иелерінің міндеті ғана емес, бұл бүкіл қоғам болып талап ететін басты құндылық болуы тиіс. Себебі ең басты құндылық – адам өмірі.
Қали Сабыржан Базылбекұлы, «Жергілікті «Серіктес» кәсіподағы» ҚБ төрағасы («АЖК» АҚ):
Президенттің өнеркәсіптік нысандардағы еңбек қауіпсіздігін күшейтуге қатысты айтқан сөздері әрбір кәсіпорынға үлкен жауапкершілік жүктейді. Мемлекет басшысы атап өткендей, кез келген жазатайым оқиға – орны толмас қайғы. Сондықтан басты міндет – мұндай жағдайлардың алдын алу. Өндірістік жарақаттар мен адам шығынын болдырмау үшін бақылау мен қадағалау тетіктерін күшейту аса маңызды деп есептеймін. Бұл ретте жұмыс орындарында қауіпсіздік стандарттарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету – әрбір жұмыс берушінің, мемлекеттік органдардың және кәсіподақтардың ортақ міндеті. Өнеркәсіптік нысандарда жүйелі түрде жүргізілетін инспекторлық тексерулер жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттырып, қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз етеді. Тексеру барысында жабдықтардың тозуы, қауіпсіздік жүйелерінің болмауы және еңбек шарттарының нашарлығы сияқты мәселелер анықталып, оларды жою шаралары қабылданады. Сонымен қатар, автоматтандырылған бақылау жүйелерін енгізу арқылы өндіріс орындарындағы қауіпсіздік шараларын нақты уақыт режимінде бақылауға болады. Цифрлық мониторинг инспекторларға жұмыс орындарын қашықтан бақылауға жағдай жасап, жедел әрекет етуге септігін тигізеді. Бұл жұмысшылардың жарақат алу және қаза болу жағдайларын төмендетуге ықпал етеді. Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігін күшейту, жер сілкінісі мен сел сияқты табиғи апаттарға дайындық деңгейін арттыру маңызды. Әсіресе, Алматы өңірінде бұл мәселеге ерекше назар аудару қажет. Бұл бағытта «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ жүйелі жұмыс жүргізуде. Жыл сайын еңбекті қорғауға бөлінетін қаржы көлемі артып келеді, бұл өз нәтижесін беруде – 2024 жылы компания қызметкерлерінің арасында өндірістік жазатайым оқиғалар тіркелген жоқ. Қауіпсіздікті одан әрі арттыру мақсатында жедел бригадалардың жұмысын бақылау үшін экшн-камералар енгізілуде. Бұл бастама жұмысты талдау мен қателіктердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Қауіпсіздік шараларын қаржыландыру, соның ішінде қызметкерлердің жалақысы, мемлекеттік органдар бекітетін тарифтерге тікелей байланысты. Бұл мәселе энергетика саласымен қатар, басқа да өндірістік кәсіпорындарда белгілі бір қиындықтар туғызуда. Дегенмен, Президенттің тапсырмалары бұл проблемаларды шешуге және еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған.
Қайтыс болған қызметкерлердің отбасыларына көңіл айтамын. Әрбір азаматтың амандығы – басты құндылық. Біз еңбек қауіпсіздігіне деген көзқарасты өзгертіп, жұмыс орындарында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды қамтамасыз етуіміз керек. Әрбір жұмысшының үйіне аман-есен оралуы – мемлекет пен кәсіпорындардың ортақ міндеті.
Жанна Жомарт