Белгілі қоғам қайраткері Қайрат Жолдыбай Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қарулы шабуылға қатысты пікір білдіріп, оқиғаның астарында қызметке байланысты үлкен қарсылық жатуы мүмкін екенін айтты деп жазады Ertenmedia.kz.
«Руслан Берден депутат болып жүрген кезінде талай жанның өмірін ойрандаған букмекерлік кеңселер мен құмар ойындарға тыйым салатын заңның қабылдануына бар күшін салған азамат екенін көпшілік жақсы біледі деп ойлаймын.
Сол заң жобасын әзірлеу барысында құмар ойыннан миллиардтап ақша тауып отырған букмекерлік компаниялардың артында тұрған ықпалды адамдар Русланға қомақты қаржы ұсынып, заң жобасын тоқтатуға тырысқан еді.
Бірақ Руслан одан үзілді-кесілді бас тартқан. Оған көнбеген соң, өзіне де, жақындарына да түрлі жолмен қысым мен қоқан-лоқы көрсетілді», – дейді Жолдыбай өз сөзінде.
Қоғам қайраткері Руслан Берденнің Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалғанына қатты қуанғанын атап өтті.
«Өткен аптада Русланды жаңа қызметімен құттықтап барғанда, өзі маған: «Шымкентте жұмыс істеу өте қиын. Құрылыс саласында шешілмеген мәселе өте көп. Тіпті бір адамды қызметтен шеттетудің өзі үлкен қиындық тудырады екен. Адал жұмыс істеуге кедергі көп», – деп қынжылған болатын», – дейді ол.
Қайрат Жолдыбайдың айтуынша, Берденовке оқ атқан күдікті таяуда ғана құрылыс саласындағы қызметінен шеттетілген азамат көрінеді.
«Кешегі жайсыз оқиғаны естіп, қатты уайымдадық. Жақындарынан сұрастырып білсем, оқ атқан адам таяуда ғана қызметтен шеттетілген құрылыс саласының қызметкері екен.
Әлеуметтік желіде кейбір азаматтар оқиғаның себебін анықтамастан, дәлелсіз түрде Русланды кінәлап жатқанын көрдім. Тергеудің нақты қорытындысы шықпай, ресми дерек жарияланбай жатып адамды кінәлау – заңға да, адамгершілікке де қайшы нәрсе.
Оқ атқан күдіктінің жұбайы полицияға шақыртылып, Руслан Берденді мүлде танымайтынын айтыпты. Сондықтан асығыс байлам жасамай, сабыр сақтап, ресми ақпаратты күтейік. Жаратқаннан Русланның тезірек сауығып кетуін тілейміз!», – деп түйіндеді Қайрат Жолдыбай.
Қазір Берденов ауруханада ем қабылдауда, тергеу амалдары жалғасып жатыр.