Шығыс Қазақстан облысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, республикалық аграрийлер палаталарының, ғылыми ұйымдардың, салалық құрылымдарға тиесілі қаржы институттарының және өңірлік агробизнес өкілдерінің қатысуымен агрофорум өтті, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен өткен жылы облыста көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру көлемі айтарлықтай ұлғайып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 12 млрд теңгеден астам қаражат несиеге берілді. Несие тек «Аграрлық несие корпорациясы» филиалы мен банктер арқылы ғана емес, алғаш рет «Ертіс» ӘКК» АҚ арқылы да ұсынылды.
– Шығыс Қазақстан көбіне өнеркәсіптік өңір ретінде қабылданады, дегенмен ауыл шаруашылығының облыс экономикасына қосар үлесі айтарлықтай. Агроөнеркәсіп кешені – экономикамыздағы маңыздылығы жағынан екінші сала. Бүгінде бұл сала тұрақты дамып, еліміздің ауыл шаруашылығы өнімінің 5,6%-ын құрап отыр. Өңір өсімдік майын өндіру бойынша республикада бірінші орында. Сонымен қатар, бал, қымыз және шұжық өнімдерін өндіруде дәстүрлі көшбасшы. Сондай-ақ, құс еті, балқытылған ірімшік пен майлы сүзбе өндірісінде алдыңғы қатарда. Балық, қарақұмық жармасы мен консерві өндірісі бойынша облыс тұрақты түрде республикадағы үш үздік өңірдің қатарына кіреді.
Өсімдік шаруашылығындағы жетістіктер ерекше атап өтуге тұрарлық. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс арпа (гектарына 23,8 центнер) және бидай (гектарына 23 центнер) өнімділігі бойынша республикада 1-орын, рапс бойынша – 2-орын (24 ц/га), майлы дақылдар бойынша – 3-орынға (19,1 ц/га) ие болды, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Әкімнің айтуынша, бұл форум Шығыс Қазақстан агроөнеркәсіптік кешенінің одан әрі дамуына жаңа серпін беруі тиіс.
Шығыс Қазақстан облысының тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі ауыл шаруашылығының негізгі бағыттарын толықтай қамтып, өңір мен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды міндеттердің бірі – шикі сүт өндірісін арттыру. 2024 жылы облыста 239 мың тонна сүт өндірілді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 6%-ға артты. Жыл сайын сиырлардың өнімділігі бойынша еліміздегі үздік ондыққа ШҚО-дағы сүт фермалары кіреді.
Форумның пленарлық отырысында АӨК өкілдері ауыл шаруашылығы мен агробизнес салаларындағы әртүрлі бағыттардың дамуы туралы баяндады. Мәселен, «Шығыс-Сүт» корпорациясының бас директоры Сейлжан Сайлаубаев ірімшік өндірушілерінің жетістіктері туралы айтты. 2024 жылы «Шығыс-Сүт» корпорациясы беделді Халықаралық ірімшік өндіруші гильдиясының құрметті мүшесі мәртебесін алды. Компания «КАЧКАВАЛ» тұзды ірімшігімен «Өнеркәсіптік өндірістегі ірімшіктер» санатында алтын медаль иеленіп, Қазақстан, Ресей, Франция, Нидерланды және басқа елдерден келген қатысушыларды басып озды. Сондай-ақ, корпорация «МААСДАМ» ірімшігі үшін күміс, ал «ПАРМЕЗАН» және «ГОЛЛАНД» ірімшіктері үшін қола медаль жеңіп алып, өнімдерінің жоғары сапасын көрсетті.
Қазақстандағы майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы Ядыкар Ибрагимов бұл саладағы жетістіктер туралы баяндады.
Айта кетейік, май өндіру бойынша көшбасшы өңір — ШҚО аумағында 12 май өңдеу зауыты жұмыс істейді, олар тәулігіне 2000 тоннадан астам майлы дақылдарды өңдеуге қауқарлы. Зауыттардың жүктемесі 86%-дан асады. Өңірдегі кәсіпорындар жаңғыртылып, терең өңдеуге көшіп жатыр. Мысалы, «Алтын Шығыс» май зауыты – күнбағыс дәнінің терең өңделуінің өнімі болып табылатын биологиялық қоспа – сұйық лецитин өндіреді.
Технологиялардың дамуына байланысты ұшқышсыз ұшу аппараттары ауыл шаруашылығында барған сайын маңызды құралға айналуда. Бүгінде агродрондарды қолдану аграрийлердің жұмысын тиімді етіп қана қоймай, ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуына ықпал етуде. «Greentech Digital» ЖШС өкілі Никита Дмитриенко агродрондарды пайдаланудың артықшылықтары мен тиімділігі туралы айтты.
Өткен жылы Шығыс Қазақстанның аграрийлері тыңайтқыштарды қолдану көлемін 47 мың тоннаға дейін арттырды. Биыл бұл көрсеткіш 60 мың тоннадан асады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, арамшөптер мен зиянкестерге қарсы күрес жүргізіледі, оған отандық өндірістегі пестицидтер де пайдаланылады. «Астана Нан» ЖШС бас директоры Ырысбек Исаев бұл бағыттағы жаңашылдықтар туралы баяндады.
Форум қорытындысында облыс әкімі мұндай кездесулерді жылына екі рет – көктемде, көктемгі дала жұмыстары басталғанға дейін және күзде, Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай өткізу туралы ұсыныс жасады.
Форум аясында ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарының көрмесі өтті.