Журналист Мая Бекбаева әлеуметтік желіде өзі туралы тараған даулы видеоға қатысты арнайы мәлімдеме жасап, жағдайдың анық-қанығын түсіндірді деп жазады Ertenmedia.kz.
КОНТЕКСТ
Айта кетелік, бұған дейін журналист Мұхтар Түменбай медиа алаңдағы әріптесінің Алаш қайраткерлері туралы түсірген контентіне наразылық білдірген еді.
Айтуынша, Мая Бекбаева қазақ әйелдерін кемсітетін пікір білдірген.
«Мадам Майя Алаш арыстарының не себепті орыс әйеліне үйленгенін түсіндіруге тырысыпты. Бекбаеваның ойынша, «сол тұстағы қазақ әйелі орыс әйелдерімен салыстырғанда бәсекеге қабілетсіз болған, талапқа сай келмеген. Алаштықтар өзіне тең келетін жар іздеген…». Мұны Қазақстанда атап өтілетін «Аналар күні» қарсаңында айтып отыр. Қазақ әйеліне тіл тигізуге сізге кім құқық берді?», — деген еді Түменбай.
Журналистің пайымынша, «орыс келіндердің кесірінен ана тілін білмейтін, мәңгүрт ұрпақ өмірге келген».
МАЯНЫҢ ЖАУАБЫ
Бекбаеваның атап өткеніндей, желіде тарап жатқан видео «Алаш қайраткерлері және олардың жары» туралы көлемді бағдарламадан үзіп алынып, әдейі бұрмаланған.
«Осыдан екі жарым жыл бұрын авторлық YouTube каналыма Алаш қайраткерлері мен олардың өмірлік серіктеріне арналған үлкен бағдарлама жүктелген болатын. Ол видео екі жыл бойы ашық тұрды, осы уақыт ішінде 100 мыңнан астам адам көріп, түрлі пікірлер жазылды.
Ашық қоғам болған соң әркім өз пікірін білдіруге ерікті. Бұған дейін ол материалға ешкім мұндай ауыр сын айтып, қоғамда дүрбелең туғызған емес. Себебі адамдар бағдарламаны толық қарап, ондағы менің ойымның бұрмаланбағанын анық көре алды», – деп жазды Бекбаева.
Ол қазір көпшілік талқылап жатқан қысқа видеоны өзі жарияламағанын және оның әдейі өңделіп, түпкі мағынасы мен контексті толық бұрмаланғанын айтып отыр.
«Қазір тарап жатқан ролик менің арнамда да, басқа аккаунттарымда да жарияланған емес. Оның ұзақтығы түпнұсқадан әлдеқайда қысқа. Кейбір сөздер, сөйлемдер мен абзацтар қиылып, менің айтқан ойларым әдейі өзгертіліп берілген. Кәсіби тележурналист ретінде айтарым, бұл қарапайым монтаж емес, кәсіби деңгейде жасалған манипуляция екені көрініп тұр», – дейді ол.
Сонымен қатар Бекбаева бұл видеоның дәл Қазақстанда атап өтілетін «Аналар күні» әлеуметтік желіге тарап, осынша дау тудыруы кездейсоқ емес, әдейі ұйымдастырылған әрекет болуы мүмкін деген күдігін де жасырмайды.
«Осы видеоның тап Аналар күні пайда болуы – кездейсоқтық емес деп санаймын. Мұхтар Түменбай сияқты адамдардың ашулы эмоциямен жазған жазбалары жағдайды одан сайын ушықтырып, көрерменді әдейі шатастырып отыр. Мұның артында маған қарсы әдейі жасалған жоспар болуы мүмкін», – деген ой білдірді журналист.
Мая Бекбаева он жылдан бері тарихи тақырыпта жүзден астам кәсіби фильм түсіргенін, оның көпшілігі қазақ тарихындағы ұлы тұлғалар мен батыр, өнерлі қазақ қыздарына арналғанын еске салып өткен екен.
Ол Күләш Байсейітова, Шара Жиенқұлова, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова, Гүлфайрус Ысмайылова, Роза Бағланова секілді тұлғаларға арнайы фильмдер әзірлегенін және осы еңбегімен мақтанатынын айтты.
«Осы екі күнде маған ауыр сөздер айтылып, жала жабылды. Менің кәсібилігіме, азаматтық және адами ұстанымыма орынсыз күйе жағылды. Мұның бәрі менің он жылдық еңбегімнің қадірін түсіруге бағытталған қадам деп білемін. Бұл фильмдердің әрқайсысына бар күшімді, денсаулығымды, халқымызға деген махаббатымды жұмсадым. Кейіпкерлерімнің тағдырын өз жүрегімнен өткіздім. Мен бұл жолды жалғастыра беремін. Қазақтың өткені мен жарқын болашағы үшін», – деп мәлімдемесін түйіндеді Мая Бекбаева.
Осылайша, әлеуметтік желіні шулатқан дауға қатысты Мая Бекбаева өз жауабын ұсынды. Журналистің пікірінше, бұл жағдай әлі де толық зерттелуі тиіс. Әзірге Мұхтар Түменбайдың бұл жауапқа не деп үн қатарын көпшілік күтуде. Дау мұнымен бітпейтін сияқты. Ертең не боларын уақыт көрсетер…