Елден қашқан қос құда Мұхтар Әблязов пен Виктор Храпунов АҚШ-тың авторлық құқық туралы заңнамасындағы олқылықтарды пайдаланып, өздеріне қатысты ыңғайсыз материалдарды Google іздеу жүйесінен алып тастауға барын салып жатса керек. Осы мақсатта олар Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасымен бұрын жұмыс істеген, экс-президенттің отбасы туралы компроматтарды жасырумен айналысқан мердігердің қызметіне жүгінгенін «Выход к морю» Telegram арнасы жария етті.
Telegram-дағы «Выход к морю» арнасының хабарлауынша, авторлық құқық пен құпиялылыққа қатысты контентті жою сұраныстарын тіркейтін Lumen платформасының архиві соңғы жылдары беделді тазарту науқандарының қалай жүргізілгенін көрсетеді.
Бұған дейін журналистер Назарбаевтар отбасының DMCA заңындағы олқылықтарды және жалған сайттарды пайдалана отырып, шетелдік БАҚ пен АҚШ әділет министрлігінің ресми сайтында жарияланған сыни материалдарды Google-дан жойғызуға тырысқанын жазған-ды.
Мұндай репутациялық тазалау науқандарына жүздеген мың доллар жұмсалып жатқаны, әсіресе бұл процесте Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваның белсенді рөл атқаратыны көрсетілген.
Lumen мәліметтер базасында Әблязов пен Храпуновтың қылмыстық істерге, қаржы жымқыру мен заңсыз табысқа байланысты айтылған жарияланымдарға қатысты шамамен 300-ге жуық өтініш тіркелген. Бұл материалдардың басым бөлігі орыс және ағылшын тіліндегі ақпарат құралдарында жарияланған.
Материалды жою стратегиясы қарапайым: жалған сайттар ашылып, оларға шынайы журналистік материалдардың көшірмелері кешігіп орналастырылады. Содан кейін Google-ға авторлық құқықтың бұзылғаны жөнінде шағым беріледі, яғни, түпнұсқа мақала жалған сайтта жарияланған «бірінші дереккөздің» құқығын бұзған болып есептеледі. Осындай жалған арыздар кей жағдайларда түпнұсқа мақалалардың іздеу нәтижелерінен төмендетілуіне немесе мүлдем жойылуына әкеліп соғады.
Lumen архивіндегі ең белсенді қолданушылардың бірі – «Нона Бойдало» есімді адам. Оның атынан үш мыңнан астам контент жоюға сұраныс жасалған, оның басым бөлігі Назарбаевтар отбасына қатысты.
Дәл осы схема Храпунов пен Әблязов туралы жарияланымдарға да қолданылған. Мысалы, «Нона Бойдало» Financial Times газетінде жарияланған мақалаға шағым түсірген. Бұл мақалада Виктор Храпуновтың ақша жымқыруға қатысы және Дональд Трампқа қатысты істерге тартылғаны туралы мәліметтер болған. Жалған арыздың нәтижесінде мақала Google іздеу жүйесінің алғашқы беттерінен алынып тасталды.
Мұндай қызметтерді ұсынатын компаниялар тек Қазақстаннан шыққан тұлғалармен ғана жұмыс істемейді. Олар сондай-ақ Ресей элитасының өкілдерімен де серіктестік орнатқан. Олардың клиенттерінің арасында Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков, Росгвардия басшысы Виктор Золотов және Мемлекеттік дума спикері Вячеслав Володин бар. Теріс ақпаратпен күреске бұл тұлғалар жүздеген миллион рубль жұмсайды
Әблязовтың ресейлік мемлекеттік құрылымдарға байланысы бар мердігерлермен әріптестігі, әсіресе оның Украинаға қолдау білдіріп жүргенін ескерсек, түсініксіз жағдай. Алайда бедел мәселесіне келгенде геосаяси ұстанымдардың маңызы екінші орынға ысырылып қалғандай. Бұл науқандарда қолданылып жатқан әдістер қарапайым болғанымен, әлі де тиімді болып отыр.