Астанада өтіп жатқан «Орталық Азия – Қытай» саммиті жыл өткен сайын институцияланып келеді. Мұндай саммиттер бұрын Бейжіңде өтетін. Енді оның орталығы Астанаға ойысып отыр. Бұл дегеніміз – Қазақстан тек Орталық Азия елдері атынан сөйлейтін емес, Қытаймен тікелей диалог жүргізе алатын ойыншы ретінде мойындалғанын байқауға болады. Сөз жоқ, бұл Қазақстанның дипломатиялық артықшылығы.
Қытай басшысы Си Цзиньпин Астана төрінде алтыншы рет табан тіреді. Бұл жай ғана хаттама емес, үлкен геосаяси символ. Ол алғаш пандемиядан кейін Қазақстанға келіп, «Батысқа баратын қақпам – Қазақстан» деген тұжырымды жария еткені есімізде. Сол кезден бастап біздің елдің Орталық Азиядағы геоэкономикалық рөлі жаңа деңгейге көтерілді. Биылғы сапар да осы үрдістің жалғасы.
Бұл жолғы кездесудің артында тек инвестициялық уағдаластықтар емес, үлкен державааралық теңгерім жатыр. Қытай тарапы Қазақстан арқылы Еуропаға, Ресей арқылы Солтүстік бағытқа, ал Түрікменстан және Иран арқылы Парсы шығанағына шығуды көздейді. Мұндай жағдайда ресми Астана аймақтық қауіпсіздік архитектурасының ажырамас тетігіне айналатыны сөзсіз. Сонымен қатар Қытай Қазақстанды тек шикізат көзі деп қарамай, стратегиялық әріптес ретінде көргісі келетінін анық аңғартты.
Экономикалық сандарды сөйлетсек, биыл екі ел арасындағы тауар айналымы 30 миллиард долларға жеткен. Бұл – тарихи максимум. Оның жартысы – Қазақстан экспорты. Демек, Қытай нарығы біздің тауарларға кеңінен есік ашып отыр. Бұл жерде мәселе тек көлемде емес. Қытай тарабы қазақстандық өнімдердің сапасын, экологиялық стандарттарын, тіпті логистикалық сенімділігін де бағалап отыр. Егер бұл тренд сақталса, жақын жылдары Қазақстан – Қытай экспорттық моделінде негізгі ойыншыға айналуы мүмкін.
Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай арасында 63 бірлескен жоба іске асып жатыр. Құны – 10 миллиард доллар. Тағы 60 жоба дайын тұр. Жалпы портфель – 57 миллиард доллар. Мұндай ірі жобалар тек экономикалық факторға емес, стратегиялық сенімге де сүйеніп жасалынатынын ұмытпауымыз керек. Егер Астана мен Бейжің арасында өзара сенім болмаса, мұндай көлемдегі инвестиция ирімі пайда болмас еді.
Бүгінде Қытайдың инвестициялары өнеркәсіп, энергетика, көлік-логистика сияқты секторларға бағытталған. Аспан асты елі үшін Қазақстан тек көмірсутек көзі ғана емес, тұтас аймақтық көлік дәліздерінің тоғысқан орталығы. Сондықтан да «Батыс Қытай – Батыс Еуропа», «Солтүстік – Оңтүстік» және «Транскаспий бағыты» сияқты бастамалардың бәрінде біздің елімізді негізгі транзит хаб ретінде қарастырып отыр.
Жалпы, геосаяси контексте Қазақстан Қытай мен Ресейдің, Қытай мен Батыстың, Қытай мен Түркі әлемінің арасындағы көпірге айналып келеді. Бұл миссия геосаяси артықшылық қана емес, геоэкономикалық мүмкіндік. Кез келген көпірдің тірегі мықты болмаса, ол құлайды. Сондықтан бізге бұл позицияны ішкі реформалармен, институционалдық тұрақтылықпен, және саяси прагматизммен бекіте түсуіміз керек.
Қытаймен жақындасу – Бейжіңге кіріптар болу деген сөз емес. Бұл – балансты саясаттың бір тармағы. Қазақстан сыртқы саясатта көпвекторлы бағыт ұстанып келеді. Қытаймен серіктестік – сол векторлардың бірі. Бірақ бұл серіктестік тек экономикалық прагматизмге негізделсе ғана тиімді болады. Біз Қытайдан үйренуіміз керек, бірақ көшірме болмауымыз тиіс. Жобаларды іске асыруда өз мүддемізді алдыңғы орынға қоюымыз керек.
Қазір әлемде жаңа әлемдік тәртіп қалыптасып келеді. АҚШ пен Қытай арасындағы стратегиялық бәсеке, Ресейдің санкциялық оқшаулануы, Еуропа мен Азия арасындағы жаңа сауда дәліздері – осылардың бәрі Қазақстанның рөлін арттыра түсуде. Сондықтан біздің сыртқы саясатымыздағы әрбір шешім аймақтық тепе-теңдікті сақтауға бағытталуы тиіс. Бұл тұрғыда Қытаймен жасалып жатқан әрбір келісім біз үшін мүмкіндіктер алаңы ғана емес, үлкен жауапкершілік жүктейтін фактор.
Қазір Қазақстан тек аумақтық емес, логистикалық, энергетикалық және технологиялық тұрғыдан да стратегиялық ойын алаңына айналды. Бұл бүгінгі күннің шындығы. Ал бұл ойын алаңында кім епті болса, соның үні алысқа жетеді. Қытайдың алтыншы сапары соны тағы бір рет еске салды.
Нұрлан ЖҰМАХАН