Жаңа Қазақстанның үшінші тағаны қандай болмақ? Осы сұраққа жауап ретінде Мәулен Әшімбаев ұлттық бірегейлікті алға тартады. Ол бұл бағытты «Тоқаев моделі» деп аталатын тұжырым аясында сипаттайды,- деп хабарлайды Ertenmedia
«Бұрын ұлт құру процесі, негізінен, стихиялы болды және оған «жоғарыдан» ықпал ету әрекеттері декларативті тетіктерді қабылдаумен шектелді. Сондай-ақ бұл жұмыстың барлығы мемлекеттің ақпараттық тапсырысымен орындалатын БАҚ-тағы тақырыптық дискурспен тәмамдалатын. Ал «Тоқаев моделі» болса, мемлекет пен қоғамның ұлтты біріктіріп қана қоймай, оған ХХІ ғасырда жаңа сапа бере алатын ортақ құндылықтарды іріктеу және әзірлеу жөніндегі проактивті қызметін ұсынады», – деп жазады ол.
Әшімбаев бұл модель елді екіге бөліп-жармайтын жаңа тәсілге негізделгенін атап көрсетеді. Оның айтуынша, «Осынау «Тоқаев моделі» Тәуелсіздік алғалы бері бір жүйеге түскен және көпшілік қабылдаған ортақ мәдени, саяси, экономикалық, тұрмыстық, дәстүрлі, өмірлік құндылықтар кешенін негізге алады. Бұл үлгі еліміздің азаматтарын жікке бөлмейді, керісінше біріктіреді. Мұның бәрі, түптеп келгенде, жаңа жалпыұлттық бірегейліктің іргетасы болып қаланады. Бұл – уақыт талабына сай нығайту мен жетілдіру арқылы жұмыс істеуге болатын және соған қажет берік қоспа. Ескеретін жайт: оның барлық құраушы бөлшектері механикалық қоспа емес, қорытпа, яғни, түрлі құрамдас бөліктердің жаңа бірегей мәнге сапалы трансформациялануының нәтижесі».
Мақалада сондай-ақ «қазақы мәдени кодтың» рөлі ерекше аталып өтеді. Ол басқа этностардың элементтерін сіңіре отырып, ұлттық бірегейлікті нығайтатын фактор ретінде сипатталады. Мұндай код ортақ азаматтық, заманауи құндылықтармен бірге қоғамдағы көптүрлілікті біріктіріп, біртұтас ұлт қалыптастырады. Осы ретте Әшімбаев: «Қазақстан халқының жалпыұлттық бірегейлігінің негізгі сипаты – «қазақы» мәдени кодтың басым болуымен дараланып тұрады», – дейді.
Мемлекет басшысының: «Бүгінде азаматтарымыздың барлығы өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ елінің мүшесі сезінеді. Этномәдени әралуандығымыз ешқайда жоғалып кетпейді. Керісінше, біртұтас азаматтық негіз есебінен нығая түседі» деген сөзі мақаланың мазмұнымен сабақтасып жатыр.
Автор ұлттық бірегейлік саласындағы бұл модельдің тағы бір маңызды ерекшелігі – прагматизм екенін айтады. Яғни, дискурс шындығын іс-әрекет шындығы алмастырады. «Жаңа Қазақстан дегеніміз – амалдың сөзден басым түсуі» деген көзқарасты алға тартып, ол нақты мысалдар келтіреді. Мәселен, ұзақ уақыт бойы тоқтап тұрған LRT жобасы Мемлекет басшысының араласуынан кейін қайта жанданып, 2025 жылдың күзінде іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, қазақылықты сәнге айналдырған жаңа толқын – Димаш Құдайберген, Ирина Кайратовна, Қазыбек Құрайыш, Мирас сияқты орындаушылардың рөлі атап өтіледі. Қазақ киносы, сән және гастро-индустриядағы этнобағыттардың өсуі де ұлттық ренессанстың бір көрінісі ретінде ұсынылады.
Мақаланың түйіні де осы рухта жазылған.
«ХХІ ғасырда ұлтты қайта жаңғырту – 2050 жылдарға белгіленген бұлыңғыр меже емес, ол – орта мерзімде нақты қол жеткізуге болатын айқын мақсат. Бұл жолда ұлт өзін бір отбасы ретінде сезінуге тиіс. Бұл отбасын ортақ құндылықтар және еліміздің ұзақмерзімді даму перспективаларына деген ортақ көзқарас байланыстыруы шарт», – дейді Мәулен Әшімбаев.
Жаңа бірегейліктің негізі – халықпен ашық диалог орнату, ал соған арналған алаң – Ұлттық құрылтай. Осылайша, автор Жаңа Қазақстанның үшінші тағаны – ұлттың жаңғыруы мен рухани бірігуі екенін айқын көрсетеді.