Қарашығанақ кенішіндегі маңызды технологиялық нысан газ айдауға арналған алтыншы компрессордың құрылысы мерзімінен кемінде жарты жылға кешігіп жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.
Жобаны іске асыруға жауапты KPO консорциумы жаңа компрессорды бастапқыда биыл қыркүйекте тапсыруы тиіс еді.
Алайда, Upstream Online басылымы өз дереккөзіне сүйеніп, нысанның пайдалануға беру мерзімі 2026 жылдың ақпанына ауыстырылғанын мәлімдеді.
Құны 735 млн доллар болатын KEP-1B деп аталатын компрессор Қарашығанақ кенішінің өндіріс қуатын арттыруға бағытталған ауқымды жобаның бір бөлігі. Компрессор толық іске қосылса, кеніштен қосымша 5,8 млн тонна көмірсутек өндірілмек.
KEP-1B Қарашығанақтағы қосымша екі компрессордың екіншісі. Біріншісі (KEP-1A) осы жылдың төртінші тоқсанында іске қосылуы керек.
Жобаның басты мердігерлері халықаралық алпауыттар Eni және Shell компаниялары.
Шетелдік инвесторлар бұған дейін де қазақстандық биліктің сынына ұшыраған еді. Олардың кен орнындағы газ өңдеу зауытының құрылысын кешіктіруіне қатысты бірнеше рет наразылық білдірілген.
Компаниялар жоба шығынының күрт артып кеткенін алға тартып, шығынды жабу үшін не қаржыландыруды арттыру қажет, не болмаса өндіріс қуатын қысқартуға тура келетінін мәлімдеген.
Бұл мәселе бойынша келісімге келе алмаған соң, Қазақстан билігі тіпті жобаны «ҚазМұнайГаздың» толық басқаруына беру мәселесін де қарастырып отыр.