Президент Тоқаев Астана Ресей мен Украина арасындағы соғыста арағайындық миссияны мойнына алмағанын және бұл қақтығыста өзін медиатор ретінде көрсетпейтінін мәлімдеді деп жазады Ertenmedia.
Оның айтуынша, Мәскеу мен Киев барлық даулы мәселелерді өзара талқылауға және түрлі деңгейде келіссөз жүргізуге қабілетті.
«Украинадағы соғыс өте күрделі мәселе, оны тым қарапайым түсіндіріп, жеңіл шешуге болмайды. Қақтығыс жалғасқан сайын территориялық, тарихи, ұлттық, тілдік және саяси түйткілдер де көбейе түсуде. Әрине, қазір басты әрі күрделі мәселе территория.
Бірақ келіссөз үстеліне Киев Русінен бастап, «сыйға тартылған территорияларға» дейінгі тарихи мәселелер шығып жатқандықтан, нақты нәтижеге қол жеткізу қиын болып тұр.
Дегенмен, келіссөздерді жалғастыру керек. Мұны БҰҰ Бас Ассамблеясында да айттым», – деп атап өтті Тоқаев.
Президенттің сөзінше, Ресей мен Украина басшылары Қазақстанға келіп келіссөз жүргізгісі келсе, біздің тарап қажетті жағдайды жасайды.
Алайда жоғары деңгейдегі кез келген кездесу дипломаттар мен сарапшылардың ұзақ дайындығын қажет етеді. Сондықтан екі ел арасындағы басты мәселелер бойынша келісім мен нақты бітім болмай тұрып, нәтиже күту қисынсыз.
«Қазақстан жоғары деңгейдегі тікелей келіссөздердің басталуын қолдайды, бірақ алдын ала дипломатиялық дайындықсыз өзара түсіністікке қол жеткізу мүмкін емес. Біз арағайын емеспіз, алайда тараптарға кездесуге қажетті қолайлы алаң мен мүмкіндіктерді ұсынуға әзірміз», – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін Владимир Зеленский Қазақстанды келіссөз алаңы ретінде қарастыруға дайын екенін жеткізген. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков іле-шала «Ресей үшін ең тиімді орын Мәскеу» деген мәлімдеме жасаған еді. Кремль Киевтің «кездесуді Швейцария немесе Аустрия секілді бейтарап елде өткізу» идеясынан да үзілді-кесілді бас тартып отыр.
Песковтың құлағына сыбырлап отырған Путин келіссөздің Мәскеуде өтуін қауіпсіз деп санайды. Зеленский Ресей астанасына аттап баспайтынын ашық айтқан еді.
Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының алаңында Тоқаев Зеленскиймен кездесіп, экономикалық және гуманитарлық байланысты жандандыру, сондай-ақ соғысты тоқтату жөніндегі бастамаларды талқылаған. Украина президенті соғыс басталған күннен бері Қазақстанның Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдап келе жатқаны үшін алғыс білдірген.
Осыны алдында RTVI арнасына сұхбат берген депутат Айдос Сарым «Астана Ресей мен Украина арасындағы шиеленісті шешуге арналған келіссөз алаңы болуға әзір» екенін айтқан еді.
Киевке қарай бет бұрған қазақ бизнесі: Қазақстан соғыстан кейінгі Украинаны қалай көтермек