«Еңбек күні» мерекесі қарсаңында Жетісу облысында түрлі мамандық иесіне құрмет көрсетілді. Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы, ветеринария, өнеркәсіп салаларының қызметкерлері марапатталды. Олардың қатарында аймақтың экономикалық дамуына үлес қосқан 11 сала мамандары мен еңбек әулеттері, үздік ұжым қызметкерлері. Салтанатты шараға еңбек ардагерлері қатысты, , – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Жетісу облысы әкімімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев құттықтау сөз сөйлеп, өңірді дамыту бағытында зор үлес қосқан жұмысшы мамандық иелері атқарған жұмыстар мен алдағы жоспар жайлы кеңінен баяндады.
– Өңірде жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру және білікті кадр даярлау үшін барлық жағдай қарастырылған. Мәселен, облыс басшысының тікелей бастамасымен Талдықорғанда қаласында 2026 жылы ерекше жоба – халықаралық стандарттарға негізделген «Zhetysu Skills» орталығын ашу жоспарлануда. Бұл бастама – облыс деңгейінде әртүрлі жұмысшы мамандықтарды даярлауға және студенттеріне заманауи құрал-жабдықтарды пайдалана отырып, кәсіби дағдыларын осы орталықта шыңдауға мүмкіндік беретін болады.
Сондай-ақ, биыл 11 колледжде 14 жаңа мамандықтар ашу және трансформациялау жұмыстары атқарылды. «Өңірлік жаңа мамандықтар атласы» жасалып, жаңа, трансформацияланатын, жойылып бара жатқан және аса тапшы кәсіптер тізбесі анықталды. Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткендей «Адал да қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен адамдар әрқашан құрметке бөленуі шарт». Сондықтан мереке қарсаңында адал еңбектің адал қызметкерлерін марапаттау – құрмет пен жоғары сенімнің белгісіне теңейміз, – деді М. Көлбаев.
Мерекелік шарада экономиканың 11 түрлі саласында еңбек етіп жүрген барлығы 20-ға жуық адамға құрмет көсретілді. «Еңбек жолы» және «Парыз» байқауларының облыстық кезеңдерінің жеңімпаздары ерекше еңбек жетістіктері үшін марапатталды.
Осылайша, «Еңбек жолы» байқауының «Үздік еңбек әулеті» номинация бойынша Қаратал ауданына қарасты Жаңаталап ауылының ұстаздар отбасы жеңімпаз атанды. Отағасы Мырзабай Ерғосаевтың артында екі ұлы, бір қызы, бір келіні бар.

«Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинация бойынша 35 жылдық педагогикалық өтілі бар Ескелді ауданының Екпінді бастауыш мектебі бар Жетісу орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Раушан Зайтбекова мараптталды. Панфилов ауданындағы Көктал ауылының тұрғыны «Көктал-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал дәрігері Бауыржан Машанбаев үздік жас өндіріс маманы атанды.
«Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары да анықталды. Көксу қант зауыты «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Қайнар-АКБ» аккумулятор зауыты «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт» аталымы бойынша «Темірбетон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаздар қатарын толықтырды.
Облыстағы құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы, ветеринария, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, ақпараттық технологиялар, құқық қорғау және азаматтық қорғаныс сияқты түрлі салаға үлес қосып жүрген қызметкерлер де марапатталды. Құрмет көрсетілген еңбеккерлерге алғыс хаттар мен ақшалай сертификат табыс етілді.
– Мен құрылыста 35 жыл еңбек етіп келемін. Бұл саланы бала кезімнен жақсы көремін. Өз мамандығымды шын сүйемін. Бұл – тұрғындарға пайдасын тигізетін игі жұмыс деп есептеймін. Мәселен, әріптестеріммен бірге тұрғын үй, балабақша, мектеп, медициналық мекеме салдырдық. Соның барлығы халықтың игілігіне берілді. Біздің компания жобалау және абаттандыру жұмыстарын да жүргізеді. Адал еңбегіміздің бағаланғаны қуантады. Бұл құрмет пен марапат жемісті жұмысты жалғастыру үшін құлшынысымызды арттырады, – деді «Астана-Құрылыс» ЖШС қызметкері.
«Көксу қант зауыты» АҚ директоры Алтынбек Абатов та ерекше ризашылығын білдірді.
– Қазір біздің қант зауытында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Биыл егінді 1 қазанда қабылдауды жоспарлап отырмыз. 300 адамды жұмыспен қамту біз үшін үлкен жетістік. Ал зауыт іске қосылған соң жұмысшылар саны 500-ге жетеді. Бүгінгі марапат – бүкіл ұжымның бірлескен еңбегінің жемісі. Байқаудың облыстық кезеңінде жеңімпаз атанған біз енді Жетісу облысының атынан республикалық деңгейде бақ сынаймыз. Бұл – біздің ұжым үшін зор қуаныш пен үлкен жауапкершілік. Бізге артылған сенімді ақтауға тырысамыз, – деді ол.
Салтанатты шара Д. Рақышев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының дайындаған шағын мерекелік концертімен аяқталды.