Әзербайжан билігі Ресейдің «Солтүстік-Оңтүстік» жобасына қатысудан түбегейлі бас тартты. Жобаның мәні Ресей газын Әзербайжан аумағы арқылы Иранға, одан ары Парсы шығанағы мен Үндістанға жеткізу болатын. Мәскеу осы транзит арқылы жылына 50 миллиард текше метр газ айдап, Ресей бюджетін $30 миллиардқа толықтырмақ еді. Алайда Баку мұндай схемаға жол бермейді. Себебі бұл БҰҰ енгізген Иранға қатысты халықаралық санкцияларды айналып өтуге тікелей жол ашар еді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Әзербайжан билігінің ұстанымы анық, халықаралық ережелерді айналып өтіп, Ресейдің көлеңкелі логистикасына жол ашпайды. Осылайша Баку екінші санкциялық тәуекелден бас тартып отыр. Сонымен қатар Ирандағы ресейлік газ хабы туралы ақпараттар да жалған болып шықты. Ресей мен Армения таратқан, Бакудің өз аумағын газ транзитіне береді деген ақпараттар шындыққа жанаспайды.
Ал Әзербайжанның өзінің энергетикалық саясаты Еуропамен терең байланысты. Бүгінде кәрі құрлықтың 12 елі Оңтүстік газ дәлізі арқылы Әзербайжан газын тұрақты түрде алып отыр. ТАНАП, ТАП, ТАПИ сынды трансконтинентальды жүйелер арқылы жеткізіліп жатқан көгілдір отын Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігінің бір тірегіне айналған. Ресейдің орнына жаңа балама іздеген Еуропа нарығында Баку маңызды ойыншыға айналды.
Қазір газ бағасы өсіп жатыр. Қыркүйекте мың текше метр газ $365 болса, қазан айында бұл көрсеткіш $420-дан асты. Ал Әзербайжанның барланған газ қоры 2,7 триллион текше метр. Тек бір ғана «Шах Дениз» кенішінде 1,4 триллион қоры бар. Бұл ондаған жылға жететін стратегиялық ресурс. Газ сатылымынан түсетін пайда мемлекеттің әл-ауқатын көтеріп, тұрақты өсімді қамтамасыз етіп отыр.
Осы тұста бір шындық айқындала түскендей, Ресей оқшауланған сайын, Орталық Азия мен Кавказ аймағы энергетикалық хабқа айналып келеді. Бірақ бұл процеске қатысу үшін әр елдің өз ұстанымы, дербес саяси бағдары болуы керек. Әзербайжан үлгісі ұтқыр шешім мен прагматикалық саясаттың нәтижесі. Санкцияны айналып өтпей, заң аясында әрекет ету нағыз ұтымды жол.
Нұрлан ЖҰМАХАН