Қазақстан үкіметі бензин мен коммуналдық қызмет бағасының өсуіне мораторий жариялады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, 16 қазаннан бастап елде инфляцияны ауыздықтап, халық пен бизнесті қолдауға бағытталған шаралар іске қосылады.
Атап айтқанда, инфляциялық жағдай тұрақталғанша АИ-92 маркалы бензин мен дизель бағасы қымбаттамайды.
Сондай-ақ 2026 жылдың бірінші тоқсаны аяқталғанша коммуналдық қызмет тарифтерінің де өсуіне жол берілмейді. Тарифті тұрақтандыру коммуналдық саладағы шығындарды оңтайландыру есебінен жүзеге асады.
Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында жаңа бастамалар қолға алынып жатыр. Мәселен, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне салық тексеруі, камералдық бақылау және келісімшарттарға қатысты сот талаптары тоқтатылады. Бұдан бөлек, жеңілдетілген салық режиміндегі 44 қызмет түрінен басқа барлық сала бойынша шектеулер алынып тасталады.
Арзан ипотека көлемі екі есе ұлғайып, 500 млрд теңгеге жетеді. Тұрғын үй құрылысында «Наурыз», «Наурыз-Жұмыскер» және әскери қызметкерлерге арналған «Әскери баспана» бағдарламалары кеңейтіледі. Құрылыс компанияларымен үш жылдық баға тұрақтылығын қамтитын офтейк-келісімдер жасалады.
Сондай-ақ, автокөлік сатып алуға арналған жеңілдетілген несие жалғасып, жеке тұлғаларға автокөлік лизингі енгізіледі. Бұған қоса «Бәйтерек» холдингі кәсіпкерлікті қолдаудың қосымша тетіктерін әзірлейді.
Айта кетелік, бүгін Тоқаев Үкіметке апта соңына дейін қазіргі экономикалық реформаның кем-кетігін түзету жоспарын әзірлеуді тапсырған еді.
Президент бағдарламадағы басымдықты шағын және орта бизнесті қолдауға, халықтың табысын арттыруға бағыттауды міндеттеп отыр.
Мемлекет басшысының айтуынша, бағдарламаның нақты орындалуын шағын бизнесті көтермелеуге, инвестициялық ахуалды жақсартуға және жалпы экономиканы сауықтыруға бейімдеу керек.
Бектеновтың 48 сағат уақыты бар.
Бұған дейін Ertenmedia-ға пікір білдірген экономист Расұл Рысмамбетов биліктің кедейлікпен күрес стратегиясы жұмыс істемейтінін айтқан.
«Халықта капитал жоқ. Тіпті үтік пен шәугімге дейінгі шағын дүниені де кредитке алатын болдық. Қымбат зәулім үйлер аңырап-қаңырап тұр. Оған көшіп барады-ау деген орта таптың табысы ортайып қалған. Тапқан табысыңның тең жартысын тамаққа жұмсау, шыны керек трагедия», — деген еді ол.
Бірер ай бұрын Тоқаев жаңа Салық кодексіне қол қойған.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап құжатқа сәйкес қосылған құн салығының базалық мөлшерлемесі 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеріліп, жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы енгізіліп, «байлыққа салынатын салық» пайда болады.
Кодекс қабылданған соң бизнес өкілдері оның тәуекелі жоғары екенін мәлімдеді. Сарапшылар кәсіпкерлер үшін алдағы жылдар «тіршілік үшін күрес кезеңіне» айналатынын айтуда. Жаңа салық саясаты бухгалтерияны қиындатып, шығынды арттырып, микробизнеске ауыр соққы болмақ. Көптеген шағын кәсіпкер жеңілдетілген режимнен айырылуы мүмкін.
Елдегі екі таңбалы инфляция қазақтардың қалтасын қағып-сілкіп жатыр. Halyk Finance есебінше тұрғындардың жалпы шығынының 52,5 пайызы азық-түлікке жұмсалады екен.
Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжановтың дерегінше Қазақстанда кедейлік деңгейі соңғы он жылда екі есеге жуық өскен. 2015 жылы халықтың 2,7 пайызы кедей деп есептелсе, 2024 жылдың соңында бұл көрсеткіш 5,1 пайызға жеткен.
Бектеновтің дедлайны: Тоқаев түзетуді талап еткен бағдарламада қандай шикілік бар