Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (АЗРК) «ҚазМұнайГазға» халықаралық бизнесін қайта қарап, KMG International (KMGI) компаниясындағы үлесінің 50 пайызына дейін сатуды ұсынды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Агенттіктің пайымынша, 2026–2027 жылдары жүзеге асуы тиіс бұл қадам стратегиялық инвестор тартуға, сол арқылы шетелдік активтерді дамытуға жол ашады. Қазір KMGI 100 пайыз «ҚазМұнайГазға» тиесілі. Холдинг Румыниядағы Rompetrol Rafinare «Петромидия» мен «Вега» мұнай өңдеу зауыттарының 54,6 пайыздық үлесін иеленген.
Форбстың мәліметінше 2007 жылы «ҚазМұнайГаз» әлгі активті 3,6 млрд долларға сатып алып, халықаралық нарықтағы беделін арттыруды көздеген. Компанияның сол кездегі басшысы Сауат Мыңбаев «Rompetrol әлемдегі ең ірі 30 мұнай-газ компаниясының қатарына кіреді» деген өршіл жоспармен бөліскен еді. Бірақ іс жүзінде 2007–2015 жылдар аралығында румын активтері бірде-бір рет пайда әкелмеді.
Тек 2016 жылы алғаш рет табыс көріп, 2017 жылы 80 млн доллар таза пайда тапқан. Дегенмен ол да тұрақты болмады. 2023 жылы Rompetrol Rafinare тағы да ірі шығынға ұшырап, 270 млн доллар залал тіркеді. Валдық айналымы 19 пайызға төмендеп, EBITDA көрсеткіші 201 млн доллар шамасында тұрақтады. Шығынның негізгі бөлігі активтердің құнсыздануынан болған.
2024 жылы Rompetrol-дың шығыны 78 млн долларға дейін азайды. Биылғы жылдың алғашқы жартысында шығын тағы да қысқарып, 53,2 млн долларды құрады. Дегенмен компанияның табысына ауыр соққыны румын үкіметінің салық саясаты жасауда. Тек биылғы алты айда Rompetrol Rafinare жергілікті бюджетке 771 млн доллар салық төлеген.
Жақында компания басшылығы салық ауыртпалығы бизнестің келешегіне қауіп төндіріп отырғанын ашық мәлімдеді. 2024–2025 жылдары 700 млн долларға жоспарланған инвестициялық жобалар тоқтап қалған. Әсіресе, өнім айналымынан алынатын салық барлық кезеңде мұнай өңдеуден бастап, жанармайдың соңғы тұтынушыға жеткеніне дейін есептеледі екен.
«Инвестициялық жобалардың кейінге қалдырылуы компанияны қаржылық тұрғыдан әлсіретуде. Биыл да 24 млн доллар шамасында шығын күтіп отырмыз», – делінген компанияның мәлімдемесінде.
Осындай күрделі жағдайда Бәсекелестікті қорғау агенттігі тағы да стратегиялық инвестор тартуды ұсынып отыр. Бірақ сарапшылар ұсынысты жүзеге асыру оңай емес дейді.
2016 жылы да «ҚазМұнайГаз» KMGI-дің 51 пайызын қытайлық CEFC China Energy компаниясына сату жөнінде келісімге келген. Қытайлар активке 3 млрд доллар инвестиция құямыз деп уәде еткен, есесіне ҚМГ румын зауыттарына 15 жыл бойы тұрақты түрде мұнай жеткізуге міндеттелген еді. Алайда бұл келісім ақыры іске аспады.
«Нефть и газ Казахстана» телеграм-арнасының авторы Олег Червинский қазір инвестор іздеу одан сайын қиындады дейді. Себебі Rompetrol-дың соңғы мәлімдемесі компанияның келешегі бұлыңғыр екенін ашық аңғартты. Energy Monitor қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов та осы пікірде:
«Қазір KMGI-дегі үлесті сатып алатын инвестор табу қиын. Негізгі себеп баға мәселесі. Компанияның нарықтағы құны «ҚазМұнайГаз» жұмсаған 5 млрд доллар инвестициядан әлдеқайда төмен. Оның үстіне KMGI-дің жұмыс істеуі тікелей Қазақстанның мұнай жеткізуіне тәуелді. Мұндай шартқа инвестор келісуі екіталай», – дейді сарапшы.
Жұмағұловтың пікірінше, активті жартылай емес, толығымен сатқан жөн. Себебі Румыния үкіметі де активтің 45 пайызына ие және салық саясаты арқылы компанияның табысына тікелей ықпал етіп отыр.
«Биыл үкіметпен арадағы меморандумның мерзімі аяқталды. ҚМГ румын үкіметінен 27 пайыз акцияны кері сатып алуға тиіс еді, бірақ келісімге келе алмады. Соның кесірінен салық жүктемесі ұлғайып, Қазақстанның дивиденд алу мүмкіндігі төмендеп кетті. ҚМГ-ге табандылық танытып, Румынияға жеткізілетін мұнай көлемін қысқартқан дұрыс. Сол кезде ғана румын тарабы шикізатты өзі іздеп, Қазақстанның мүддесі ескерілуі мүмкін», – дейді сарапшы.
Осылайша, халықаралық нарыққа шығамыз деген амбициямен басталған Rompetrol жобасының тағдыры әлі де бұлыңғыр күйде қалып отыр.
Бухарестегі берекесіз бизнес: ҚМГ-ның кәрі құрлықтағы мұнай мелодрамасы аяқталуға тақау

