Жол экономиканың күретамыры. Күре жолының жағдайы жақсы өңірлердің дамуы да жеделдей түседі. Сондықтан да елімізде жаңа жол салып, ескісін қайта жаңғырту ісі қарқынды жүріп жатыр. Биылдың өзінде 13 мың шақырым жол қамтылады деп жоспарланған. Соның басым бөлігі орындалып та қалды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сапаға мән беріледі
Еліміздің көлік-логистикалық мүмкіндіктерін, транзиттік әлеуетін арттыру туралы айта келіп Президент: «Сондай-ақ негізгі дәліздер аясында автомобиль жолдарын дамытуға баса мән берген жөн. Қазір елімізде 13 мың шақырым автокөлік жолдары салынып, жөнделіп жатыр. Жол салған кезде транзиттік дәліздердің мән-маңызына баса көңіл аударған жөн» деді.
Сонымен биыл 13 мың шақырым жол қамтылмақ. Оның ішінде республикалық 2 мың шақырымнан астам жол реконструкцияланып, облыс орталықтары арасындағы 6,6 мың шақырым жол жөнделмек, ал жергілікті жерлерде 4,1 мың шақырым жол жаңартуға жатады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар жолдардың нормативтік жай-күйін 94%-ға, жергілікті жолдардың нормативтік жай-күйін 91%-ға дейін жеткізу жоспарланған.
Айта кету керек, елімізде жол салу, жөндеу саласына қатысты бірқатар заңнамалық түзету де қабылданды. Соның негізінде сапа орталығының ескертулерін жоймай нысандарды пайдалануға қабылдауға тыйым салынды, ал 2023 жылдан бастап барлық орташа жөндеу жобалары жобалық шешімдердің және олардың құнының дұрыс қолданылуына қатысты ведомстволық сараптамадан өтуге міндетті.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар шеңберінде 2025 жылдың 7 айындағы қорытынды бойынша сапасыз жол-құрылыс материалдары мен ақаулар санының 2%-ға төмендегені, жергілікті жолдарды қиыршық тастан асфальтбетон төсеміне ауыстыру 14%-ға өскені байқалды. Сонымен қатар жобалық шешімдерді оңтайландыру 1 млрд теңгеден астам қаржы үнемдеуге мүмкіндік берді, ал жергілікті жолдарды диагностикамен қамту 50%-ға жетті.
Жол-құрылыс үдерісіне қатысушылар жауапкершілігін арттыру мақсатында жұмыстың барлық кезеңінде сараптаманы автоматтандырудың цифрлық жүйелері мен тетіктері енгізілді, 384 асфальтбетон зауытына кешенді тексеру жүргізілді, сондай-ақ «ҚазЖолҒЗИ» АҚ институтымен «кілтті тапсырғанға дейінгі» келісімшарттар жасалып және жобалау құжаттамасына сараптама жүргізу енгізілді.
«ҚазЖолҒЗИ» АҚ басшылығының хабарлауынша, жол саласына цифрлық технологияларды енгізу де қарқынды жүргізіліп жатыр. Соңғы 5 жылда институт автожолдарды салу және жөндеу технологияларын жетілдіруге бағытталған 20-дан астам ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген. Бүгінде елімізде бірнеше цифрлық жобалар жүзеге асырылуда. Жобалау сапасын арттыру мақсатында жол-құрылыс материалдарының бірыңғай базасы мен нақты климаттық жағдайларға және қозғалыс қарқындылығына материалдарды дәл таңдау есебінен берік және сенімді жол төсемдерін пайдалануға бағытталған Superpave технологиясы енгізілді.
Жалпы саны 2 мыңнан астам пайдаланушысы бар Jolshy жол саласы мамандарының базасы талдамалық ақпарат алуға, кадрлық өзгерістерді бақылауға және жол-құрылыс жұмыстарын орындаудың сапасын қамтамасыз ету үшін мамандардың біліктілік деңгейін қадағалауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта «ҚазЖолҒЗИ» апаттардың себептерін жүйелі бағалауға және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған ЖКО талдау порталын әзірлеуде.
Жүзеге асқан іргелі жобалар
Жоғарыда биылдың өзінде 13 мың шақырымды қамту жоспарланғанын атап өттік. Межеленген істің дені орындалып та жатыр. Соның ішінде жұртшылық көптен күткен кейбір елеулі жолдардың ашылғанына тоқтала кеткен жөн.
Мәселен, қарашаның ортасында Алматы мен Шымкентті байланыстыратын төрт жолақты күре жол – «Ұзынағаш – Отар» тасжолы пайдалануға берілді. Айта кетейік, күре жолда негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары өткен жылы басталып, небәрі екі жылда толық аяқталды. Жобаға 163 бірлік техника, 290 маман жұмылдырылып, екі асфальт-бетон зауыты мен төрт жол-құрылыс басқармасы жұмыс істеді.
42 шақырымдық «Ұзынағаш – Отар» тасжолының ашылуымен Алматы мен Шымкент арасындағы жол толық төрт жолақты болып, жүріп-тұру әлдеқайда ыңғайлы, әрі қауіпсіз болмақ. Бұл магистральдің өткізу қабілетін арттырып, жол жүру уақытын қысқартады, қозғалыс қауіпсіздігін жақсартады және өңірлер арасындағы көлік байланыстарын нығайтып, Орталық Азия мемлекеттерімен экономикалық қатынастарды одан әрі күшейтері сөзсіз.
Ілкімді жаңалық «Қызылорда-Жезқазған» жолының ашылуы
Экономиканың күретамыры саналатын отандық жол инфрақұрылымын жетілдіру маңызды қадамдардың бірі. Жүргізушілер мен жолаушылар үшін «Қызылорда-Жезқазған» жолының пайдалануға берілгені игі істердің бірі болды.
Республикалық маңызы бар автомобиль жолы туралы мәселе бірнеше жылдардан бері көтеріліп келе жатқан болатын. Бұған дейін жөндеу көремеген қара жолмен халық ұзақ жылдан бері Астана, Ұлытау, Қарағанды облыстарына қатынады.
Бүгінде осы өзекті мәселе шешімін тапты. Облыс аумағындағы 216 шақырым жол қайта жаңғыртудан өтті. Жобаны жүзеге асыруға 84 млрд. теңге бөлінді.

Негізі «Қызылорда-Жезқазған» жолының ашылуы келесі жылға жоспарланған еді. Биыл маңызды жол халық пайдасына ертерек жарап, мерзімінен бұрын пайдалануға берілді.
Бұрын жолға шыққандар екі аралықта 20 сағат жол жүрсе, енді жаңа жолмен жүретін жүргізушілер мен жолаушылар 16 сағатта діттеген жеріне жететін болды.
Мамандардың айтуынша, Ұлытау облысының аумағында басталған құрылыс жұмыстары аяқталып, жаңа жол пайдалануға берілгенде Астанаға бағыт алған көлік 12 сағатта жететін көрінеді. Бүгінде «Қызылорда-Жезқазған» жолын «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізіне қосатын 25 шақырымдық айналма жол салатын мердігер мекеме анықталуда. Жақын күндері құрылысы басталады. Жоба құны – 46 млрд. 3 млн. теңге.
Республикалық маңызы бар жолдар көлік қатынасын едәуір жеңілдетіп, жүк тасымалының тиімділігін арттырады. Сонымен қатар жол бойында заманауи сервистік қызмет көрсететін пункттер бой көтереді. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес жанданады.
Айта кетейік, қазан айында республикалық маңызы бар, ұзындығы 415 шақырымды құрайтын «Қалбатау–Майқапшағай» автомобиль жолын қайта жаңарту бойынша негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, көлік қозғалысы ашылды.
«Қалбатау – Майқапшағай» тасжолы – еліміздің көлік саласының маңызды бөлігі. Бұл жол Қазақстанның орталық және шығыс өңірлерін Қытай Халық Республикасының шекарасымен байланыстырады.
Осындай жобалардың жүзеге асырылуы еліміздің транзиттік әлеуетін едәуір арттырып, өңіраралық әрі халықаралық байланысты нығайтуға ықпал етеді. Сонымен бірге ол жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтіп, азаматтар үшін сапалы әрі қолайлы инфрақұрылым қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Көлік жүйесінің тиімділігін арттыру өңірлердің дамуына және халықтың өмір сүру сапасының жақсаруына нақты үлес қосып келеді.

