Астанадағы биылғы қыс ерекше жылы әрі қарсыз өтіп жатыр. Бұл жағдай қалалық бюджетке айтарлықтай үнем әкелуде, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қар тазалау жұмыстарына жұмсалатын қаражаттың айтарлықтай қысқарғанын айтты. Оның сөзінше, жауын-шашынсыз өткен әрбір тәулік коммуналдық қызмет шығындарын 50-100 млн теңгеге дейін төмендетеді.
«Қарсыз күндердің арқасында күнделікті шығын 50-100 миллион теңгеге дейін азайды, кейде тіпті бұдан да көп болуы мүмкін. Әрине, мұның бәрі жауын-шашынның деңгейіне байланысты. Дегенмен, мұндай қыс бұрын да болған. Мысалы, екі жыл бұрын күз ұзақ жаңбырлы болып, қар кеш түскен еді. Бірақ қаңтар мен ақпан айларында қар қалың болды. Қазір қардың әлі түсуі мүмкін екенін ескеріп отырмыз. Қар бізге де, астық егетін көрші облыстарға да өте қажет. Әзірге қыстың әлі алда екенін естен шығармаймыз», – деді әкім.
Қала басшысының айтуынша, қазіргі ауа райының қолайлылығы алдағы қыс жеңіл болады деген сөз емес.
Қалалық қызметтер жаңа жылдан кейін болуы ықтимал қарға дайын отыр. Әзірге қар шығарылатын көлем бірнеше есе қысқарған. Бірақ коммуналдық мекемелер штаттық режимде жұмысын жалғастыруда.

