Токиода өткен «Орталық Азия – Жапония» форматындағы алғашқы саммиті саяси мәртебені нақтылайтын сәт болды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Премьер-министр Санаэ Такаичи мен бес мемлекет басшылары қол қойған Токио декларациясы бір нәрсені ашық көрсетті. Орталық Азия енді шеткері аймақ емес, дербес ойыншы ретінде қабылдана бастады.
Жапония алдағы бес жылда аймаққа 3 трлн иен, шамамен 20 млрд доллар бағыттауға дайын екенін мәлімдеді. Бұл жай инвестиция уәдесі емес, ұзақ мерзімді қатысуға берілген саяси сигнал десек болады.
2025 жыл бойы Орталық Азия елдері ЕО, Қытай, Ресей, АҚШ және Италиямен C5+1 форматында кездесулер өткізді.
Жыл соңындағы Токио саммиті осы тізбектің логикалық қорытындысына айналғаны анық.
Енді форматқа Оңтүстік Корея да қызығушылық танытып отыр. 2026 жылға кездесу жоспарланған. Мұның бәрі аймақтың халықаралық саясаттағы салмағы артқанын көрсетеді.
Сарапшылар Бейжіңнің бұл процесті алаңдаушылықпен бақылап отырғанын жасырмайды. Жапония бұрын Қытайдың аймақтағы белсенділігін сырттай бақылап келсе, енді ашық экономикалық және технологиялық стратегияға көшті.
Токионың мақсаты түсінікті Еуразия жүрегінде Бейжіңнің үстемдігін шектеу. Бұл ретте Жапонияның басты артықшылығы бар. Империялық астары жоқ, тең серіктестікке негізделген репутация. Осы ұстаным Орталық Азия үшін Токионы саяси әрі экономикалық қарсы салмаққа айналдырып отыр.
Аймақ елдері де өз талабын жасырған жоқ. Энергетика, көлік дәліздері, жасыл технологиялар, декарбонизация – бәрінің өзегі бір формулаға тіреледі. Шикізатқа айырбас ретінде технология.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен білімді серіктестіктің іргетасы деп атады. Astana Hub пен Alem.ai базасында Жапониямен бірлескен жасанды интеллект платформасын ұсынуы да бекер емес. Нәтижесінде коммерциялық сипаттағы 40-тан аса келісімге қол қойылып, олардың жалпы құны 4 млрд долларға жуықтады.
Өзбекстан Жапониямен «кеңейтілген стратегиялық әріптестік» деңгейіне шықты. Самарқандта жапон стандартындағы арнайы экономикалық аймақ құру ұсынылды, ал Ташкент Токио үшін уран жеткізудегі негізгі тірекке айналып отыр.
Тәжікстан логистика мен су ресурстары тақырыбын алға шығарды, бұл да кездейсоқ емес. Жапония енді аймақтағы су-энергетика теңдеуіне де араласа бастады.
Жапония аймаққа ұранмен емес, технологиямен кіріп отыр. Міндеттеме алды ма орындайды. Бұл жайт Орталық Азияны геосаяси көлеңкеден шығарып, әлемдік саясаттың нақты торабына айналдырары сөзсіз.

