Tiger Films киностудиясы бұдан былай фильм түсірмейді. Бұған «Руың кім?» фильмінен кейінгі дау-дамай мен қаржылық-репутациялық шығын түрткі болған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Tiger Films студиясының продюсері Алмат Шадмат қазіргі жағдайда киномен айналысуды тиімсіз әрі қауіпті деп отыр.
«Кино өндірісі әрдайым үлкен қаржылық әрі репутациялық тәуекелмен жүреді. Ертеңгі күні алаңсыз жұмыс істеп, шығармашылық еркіндікті сақтарымыз ешқандай сенім жоқ», – деді ол.
Компания постпродакшн кезеңіндегі жобаларын аяқтаған соң жаңа фильмдер түсірмейтін болды. Алдағы уақытта Tiger Films кино жабдықтарын жалға берумен айнылыспақ.
Төрт жыл ішінде киностудия 56 фильм түсірген. Олардың ішінде танымал болған «Бишарашки», «Менің үлкен қазақша отбасым» және «90-жылдарға оралу» сияқты туындылар бар.
Желідегі қауым «Руың кім?» фильмі айналасындағы даудан тыс қалмаған. Кино сарапшыларының пікірінше, депутаттардың қатардағы комедияны «ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді» деуі қисынсыз. Оның үстіне Tiger Films жүздеген киногерді тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп келген.
Контекст
Айта кетейік, «Руың кім?» фильмі «ұлттық бірлікке сына қағады» деген депутат Сайыровтың сынынан кейін кинотеатрлардан алынған. Компания фильмді жанжалды ұшықтырмау үшін өз еркімен прокаттан шығарғанын хабарлаған.
«Қазақты руға, жүзге бөлетін үрдісті тоқтату керек. Мұндай фильмдерді алдын-ала сүзгіден өткізу үшін министрлік жанынан арнайы комиссия құру қажет», — деген-тұғын Сайыров.
Мәжілісмен бұған дейін Ауғанстандағы қазақтардың мәселесін көтеріп, Сыртқы істер министріне үндеу жолдаған.

