Қазақстандағы уран қорының төрттен бір бөлігі қалайша Ресейдің бақылауына өтіп кетті?
Мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов осыны егжей-тегжейлі талдаған екен, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сарапшының айтуынша, Ресейдің «Росатом» корпорациясы Қазақстанның уран қорына көз салуын 2009 жылдан бастаған. Бұған дейін канадалық Uranium One компаниясы еліміздегі уранның шамамен 6–10 пайызын, яғни 50–80 мың тонна көлеміндегі қорын бақылауда ұстаған. Канадалық компания активтерді «Бетпақ Дала» және «Қызылқұм JV» бірлескен кәсіпорындары арқылы UrAsia Energy компаниясынан сатып алған.
«2009 жылы «Росатом» құрамындағы ARMZ («Атомредметзолото») компаниясы Uranium One-ға біртіндеп кіре бастады. Алдымен активтер алмасу және бірлескен кәсіпорындарға қатысу арқылы Uranium One компаниясындағы үлесін 17 пайызға жеткізіп, Қазақстандағы уран қорына иелігін 12–18 пайыз аралығына дейін арттырды», – дейді Абзал Нарымбетов.
2010 жылы ARMZ Қазақстандағы «Ақбастау» және «Заречное» жобаларындағы үлестерін, сонымен қатар 610 млн доллар қаражатты Uranium One компаниясына құяды. Осылайша, жаңа акциялар шығарылғаннан кейін Uranium One толығымен Ресей жағына өтті. «Росатомның» үлесі 51 пайызға жетті, ал 2013 жылы корпорация компанияны толық сатып алып, биржадан шығарды.
2023-тегі «отарлау»
Сарапшы келесі маңызды кезең ретінде 2023 жылды атайды. Сол жылы «Росатом» қоры шамамен 114 мың тонна уранды құрайтын «СП Будёновское» ЖШС-нің 49 пайыздық үлесін сатып алады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Uranium One мен «Росатом» Қазақстанның жалпы уран қорының шамамен 24 пайызына, яғни 136 мың тоннаға бақылау орнатқан.
Абзал Нарымбетовтың пікірінше, Қазақстандағы уран қоры Ресейдің ядролық саладағы позициясын күшейтуге тікелей септігін тигізіп отыр. Бұл жағдай «Росатомның» ғаламдық уранды байыту және атом стансаларын салу нарығындағы басымдықтарын толықтырып, нығайта түсті.
Айта кетейік, Қазақстандағы ең ірі уран қоры әлі де «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясына тиесілі шамамен 300 мың тонна (54 пайыз). Ресейден кейінгі орында канадалық Cameco компаниясы (10 пайыз) тұр. Сондай-ақ еліміздің уран саласында Қытай, Франция және Жапония инвесторлары да белсенді жұмыс істеуде.
Бұған дейін талай жыл бойы уран саласын басқарған Мұхтар Жәкішев шикізатты сыртқа шикі күйінде сатып, байлығын шашып жатқанына наразылық білдірген еді. Оның пікірінше, елдің минералдық кен байлығын шикізат күйінде экспорттау экономикалық сауатсыздық. Қолдағы алтынның қадірін білмеу.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

