Қазақстан дамуының жаңа кезеңінде цифрландыру жай ғана технологиялық үрдіс емес, елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын стратегиялық факторға айналып отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның цифрлық державаға айналуы қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Уақыт талабынан туындаған, ұлттық мүддемен тікелей астасқан бағыт.
Президент көзқарасына сәйкес, цифрлық трансформация ең алдымен экономиканың тиімділігін арттыруы тиіс. Мемлекеттік басқару, өнеркәсіп, көлік пен логистика, қаржы жүйесі, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік салаларда цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу көзделген. Цифрландыру өнімділікті өсіріп, шығындарды қысқартады әрі ашықтықты қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік басқарудан деректер экономикасына
Соңғы жылдары Қазақстан электрондық үкіметті дамыту, мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіру, деректерге негізделген басқару жүйесін қалыптастыру бағытында елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Осы қадамдар цифрлық державаға бастайтын жолдың берік негізін қалап отыр.
Цифрлық мемлекеттің өзегінде жасанды интеллект пен деректер экономикасы тұр. Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні тек технологиялық жаңалық ретінде емес, ұлттық дамудың жаңа құралы ретінде қарастыру қажеттігін атап келеді.
Бұл бағыт білім беру сапасын арттыруға, медициналық қызметтің қолжетімділігін кеңейтуге, өндірісті автоматтандыруға және мемлекеттік шешімдердің дәлдігін күшейтуге мүмкіндік береді. Ал деректерді тиімді пайдалану экономиканың жаңа моделін қалыптастырады. Мұндай модельде негізгі капитал ретінде шикізат емес, білім, технология және инновация алдыңғы қатарға шығады.
Қазақстанның цифрлық державаға айналуы адами капиталмен тікелей байланысты. Президент жастардың технологиялық сауатты, кең ойлайтын әрі жаһандық бәсекеге бейім буын болып қалыптасуын стратегиялық міндет ретінде қарастырады. IT-мамандарды даярлау, цифрлық дағдыларды жаппай дамыту, өңірлер арасындағы технологиялық алшақтықты азайту осы бағыттағы негізгі басымдықтар. Цифрлық экономикада тек ірі қалалар ғана емес, барлық өңір тең мүмкіндіктерге ие болуы қажет.
Цифрландырумен қатар цифрлық егемендік мәселесі де өзекті сипат алып отыр. Ақпараттық қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау, ұлттық цифрлық инфрақұрылымды дамыту мемлекеттің тұрақтылығы мен тәуелсіздігінің ажырамас бөлігіне айналды. Мемлекет басшысы технологиялық прогресс ұлттық қауіпсіздікпен қатар жүруі тиіс екенін бірнеше рет ескерткен. Осы себепті цифрлық саясат инновацияны қолдаумен шектелмей, жауапкершілік пен құқықтық реттеуге де сүйенуі қажет.
Қазақстанның цифрлық державаға айналуы бір сәттік жоба емес, ұзақ мерзімге бағытталған стратегиялық таңдау ретінде қарастырылады. Осы ретте мемлекет, бизнес және қоғамның үйлесімді әрекеті маңызды. Ашық диалог, инновацияға қолайлы орта және сенімге негізделген саясат қана цифрлық серпілісті қамтамасыз ете алады.
Мемлекет басшысы айқындап берген осы бағыт Қазақстанды технология тұтынушы ел деңгейінен шығарып, цифрлық шешімдер ұсынатын, өңірлік әрі жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті мемлекетке айналдыруды көздейді. Цифрлық держава ұғымы алыстағы болашақтың елесі емес, бүгіннен басталатын нақты мақсат.
Қазақстан жақында жасанды интеллект бойынша Ұлттық тұжырымдама қабылдады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

