Саясаттанушы Уәлихан Төлешов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «парламенттік реформа» төңірегінде үш іргелі қорытындыға келіп тірелгенін айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Біз ұсақ түзетулер туралы емес, мемлекеттің ішкі логикасының өзгеруі жөнінде сөз қозғап отырмыз», – дейді ол.
– Алғашқы түйін, Қазақстан де-факто бір палаталы парламенті бар унитарлы мемлекетке айналады. Осы арқылы «қосарланған лоялдылық» пен саяси бағдарсыздық кезеңі аяқталып, қазақтың саяси ұлтына негізделген униялық модель қалыптаса бастайды. Мемлекеттік жүйе космополиттік сипаттан арылып, рухы мен формасы жағынан ұлттық болмысқа жақындады, – дейді Уәлихан Төлешов.
Жаңа Конституция өткен мен алдағы тарихи кезеңді айқындайтын шекара болуы тиіс
Автордың ойынша, дәл осы мақсатта Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай сияқты құрылымдар тарихи миссиясын тәмамдауы мүмкін. «Бұл біреуді жоққа шығару үшін емес, саяси ұлтты нақты қалыптастыру үшін қажет қадам», – деп түсіндіреді саясаттанушы.
– Екінші қорытынды, парламенттік жүйені түбегейлі реформалау емес, оны унитарлы мемлекет шеңберінде демократиялық стандарттарға және ұлттық этикаға бейімдеу бағытына қатысты болып тұр. Мұнда әңгіме билік архитектурасын қайта құру жөнінде өрбиді. Вице-президент институтын енгізу, судьяларды Құрылтай арқылы сайлау, мажоритарлық жүйеге басымдық беру сияқты ұсыныстар осы логикадан туындайды, – дейді маман. Сондай-ақ, ол бұл ойын «Демократияның көшірмесі емес, өз өркениеттік коды бар модель қажет», – деп пайымдаған.
Үшінші әрі ең салмақты тұжырым конституциялық комиссия құру бастамасы іс жүзінде жаңа Конституция қабылдау кезеңінің басталғанын аңғартады. Автордың пікірінше, қолданыстағы Негізгі заң декларативті тұстарға тым бай, ал жаңа өркениеттік дәуірдің талаптарына жауап беретін нормалар аз. Сондықтан жаңа Конституция өткен кезең мен алдағы тарихи белестің арасын айқындайтын шекара болуы тиіс. «Құрылтай да, Конституция да жол көрсететін компасқа айналуы керек», – деп атап өтеді ол.
– Постғаламдық кезеңде, идеология әлсіреп, әлемдік жүйе белгісіздікке бет алған шақта Қазақстан дәстүрлі саяси өлшемдермен шектеліп қалмауы қажет. Елдің өзін өркениеттік параметрлер арқылы қайта кодтауы маңызды қадам. Посткеңестік инерциядан, тәуелді көрші рөлінен арылып, Тұран кеңістігінің модераторы әрі Түркі әлемінің орталығы деңгейіне көтерілу – стратегиялық міндет ретінде көрсетілу маңызды, – дейді Уәлихан Төлешов. «Қазақстан Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын Орта өркениетке айналуы тиіс», – дейді саясаттанушы.
Осы тұрғыда Уәлихан Төлешов жаңа Конституция мен жаңа Құрылтайды ХХІ ғасырда құбылып тұрған әлемдегі Қазақстанның негізгі тіректері ретінде бағалайды. Автор өз ойындағы пафосты да жасырмайды, алайда айтылған тұжырымдарды ел болашағына қатысты байыпты талдау ретінде ұсыныпты.
Қазақстанда вице-президент лауазымы пайда болады. Бұл туралы Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

