TikTok төңірегіндегі ұзаққа созылған дау мәресіне жетті. Уашиңтонның талабынан кейін қытайлық ByteDance компаниясы TikTok-тың АҚШ-тағы бизнесін жергілікті инвесторларға сатуға мәжбүр болды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Енді танымал қосымша АҚШ-та «TikTok USDS Joint Venture LLC» деген жаңа атаумен жұмысын жалғастырады.
Oracle корпорациясы, Silver Lake инвест қоры және Әбу-Даби орталығындағы MGX компаниясы бірігіп, TikTok-тың Америкадағы еншісінің 45%-ына иелік етпек. ByteDance инвесторларының еншісінде шамамен үштен бір үлес қалса, қытайлық компанияның өзінде шамамен 20 пайыз акция сақталады.
Жаңа инвестор қатарында танымал миллиардер Майкл Деллдің әулеті, Нью-Йорктік Alpha Wave инвестициялық тобы және Revolution қоры да бар.
Дөкең, Доналд Трамптың басты талабы TikTok алгоритмінің қауіпсіздігі мен пайдаланушының дерегін қорғау болатын. Сол себепті желінің алгоритмі енді ByteDance-тен жалға алынып, америкалық аудиторияның дерегі негізінде қайта үйретіледі. Осы арқылы АҚШ аумағындағы контент сыртқы ықпалдан толық қорғалады деп күтілуде.
Келісімшарт бойынша Oracle компаниясы қауіпсіздік мәселесін қатаң бақылауға алып, ұлттық қауіпсіздік стандартының орындалуын қамтамасыз етеді.
Бірлескен компанияның тізгіні тәжірибелі мамандарға тапсырылған. Бас директор лауазымына Адам Прессер, ал қауіпсіздік директоры ретінде Уилл Фаррелл тағайындалды. Екеуі де бұған дейін TikTok-тың деректер қауіпсіздігі саласында қызмет еткен.
TikTok-тың АҚШ-тағы бизнесінің сатылу құны шамамен 14 миллиард долларға бағаланыпты. Бейжің экономистері мұны өте төмен баға деп есептейді, компания Америкадағы жарнамадан жылына дәл осындай көлемде табыс тауып келген.
Айта кетелік…
Ақ үй мен Бейжің арасындағы қырғы-қабақ Трамптың ByteDance компаниясынан TikTok-тың Америкадағы бөлімін сатуды талап еткен жарлығынан басталған-ды. 2024 жылы Кәнгресс «қосымша сатылмаса, АҚШ-та толық тыйым салынады» деген шешім қабылдаған. Жоғарғы сот мұны заң жүзінде бекітіп, 2025 жылдың соңына дейін мерзім берген. Трамп әкімшілігі мерзімді бірнеше мәрте кейінге шегеріп, сауданың соңы енді ғана түйінделіп отыр.
Айта кетелік, күні кеше президент Тоқаев пен Трамп Давоста жүздесті. Ertenmedia екі лидердің арасындағы тосын әңгіменің деталіне үңілген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

