Конституциялық комиссияның бесінші отырысында «Қазақстан заңгерлер одағының» төрағасы Серік Ақылбай өзгерістерге қатысты өз ойын айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, ұсынылған өзгерістердің көлемі мен ауқымы қолданыстағы Конституцияны жай ғана редакциялаумен шектелмейді, керісінше, түбегейлі жаңа Ата заңды қабылдау туралы ойлануға жетелейді.
– Ұсыныстардың тереңдігі мен ауқымына қарап, бұл қолданыстағы Конституцияның жаңа редакциясы емес, толыққанды жаңа Конституция деп қабылдаған жөн. Жаңа Конституция Қазақстан мемлекеттілігінің негізгі құндылықтарын сақтап, құқықтық тәжірибені дамытудың сапалы жаңа кезеңіне жол ашады, – деді Серік Ақылбай.
Серік Ақылбай атап өткендей, жаңа Конституция жобасы мемлекетті басқару тиімділігін, билікті ұйымдастырудың жаңа моделін – бір палаталы Парламентті, Халық кеңесін, жаңартылған Үкімет құрылымы мен құқық қорғау және сот жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
– Қазіргі таңда мемлекеттің тиімділігіне, құқықтық айқындық пен адам құқықтарын қорғауға қоғамның талабы жоғары. Сондықтан елімізде билік институттарының жаңа моделін қалыптастыру қажет болып отыр, – деді ол.
Сонымен қатар, оның ойынша, Конституцияда діннің мемлекеттен бөлінуі нақты бекітілуі керек.
– Қазақстан аумағындағы діни ұйымдардың қызметі заңға сәйкес реттелуі тиіс. Бұл мемлекеттің конституциялық негіздерін, ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, адам құқықтары мен денсаулығын және қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтарын қорғау үшін маңызды. Мұндай толықтырулар идеяның түпкі мәнін ашады, – деп толықтырды ол.
Серік Ақылбай адвокатураның құқықтық мәртебесін нақтылау қажеттігін де айтып өтті.
– Бұл бағытта әлі де болса тереңдетіп, салмақты түрде қарастыру қажет. Адвокатура азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады, – деп пікір білдірді Серік Ақылбай.
Жалпы, Серік Ақылбай Конституциялық комиссия өз жұмысының дұрыс бағытта екенін ерекше атап өтті.
Айтпақшы, елімізде неке мен отбасы құндылықтары, сондай-ақ адамның негізгі құқықтары конституциялық деңгейде күшейтілетін болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

