АҚШ Әділет министрлігі жариялаған атышулы Джеффри Эпштейннің ісіне қатысты жаңа материалдарда Қазақстанның аты 400-ден астам рет аталады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Эпштейннің Қазақстанға тұрақты түрде сапар шегіп тұрғанын, жоғары лауазымды тұлғалармен кездескенін анықталды. Құжаттар арасында Алматы мен Астана қалаларына сапарлардың егжей-тегжейлі жоспары мен белгісіз қазақстандық «И.» есімді қыз туралы да деректер бар.
2025 жылдың 20 қарашасында АҚШ президенті Дональд Трамп Эпштейннің ісіне қатысты барлық материалдарды жариялауды міндеттейтін заңға қол қойған еді. Осы заң негізінде 2026 жылдың 31 қаңтарында АҚШ Әділет министрлігі 3 миллион бет құжат, 180 мың сурет және 2 мыңнан астам видеоматериал жариялады. Бұл – Эпштейнге қатысты бүгінге дейінгі жарияланған ең ауқымды мәлімет.
Құжаттарда Эпштейннің түрмедегі өмірі, оның өліміне қатысты тергеудің материалдары, сыбайласы Гислейн Максвелл туралы деректер де қамтылған. Бұдан бөлек, Қазақстанмен байланысқан электронды хат-хабарлар да табылған.
Құжаттарда Эпштейннің Қазақстанға бірнеше рет сапарлағаны нақты көрсетілген. Мысалы, 2014 жылғы наурыздағы хат алмасуда оның Алматыға келуі және кейінірек Астанаға сапары егжей-тегжейлі талқыланады. Хаттардың бірінде белгісіз адам «Жаңа ғана Алматыға қондым» деп Эпштейнге хабарлаған.
Сондай-ақ, жеке ұшақтың маршруты Мәскеу, Рига, Вильнюс, Минск арқылы транзитпен Қазақстанға ұшқандығы көрсетілген. Әділет министрлігінің сайтында жарияланған материалдарда «Қазақстан» сөзі – 417 рет, «Астана» – 198 рет, «Алматы» – 74 рет кездеседі.
Эпштейннің Қазақстандағы таныстары
Тағы бір сапар 2019 жылы өткен. Хатта белгісіз адам Қазақстанға барып келгенін хабарлап: «Ақ үйден кейін мемлекеттік қауіпсіздікке жауапты генералмен көп уақыт өткіздім – өте жақсы адам екен» деп жазады. Бірақ құжаттарда генералдың нақты аты-жөні көрсетілмеген.
Құжаттарда бұрынғы премьер-министр әрі ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің аты 8 мәрте аталған. Мәселен, 2011 жылы жазылған хатта бір адам Эпштейннен: «Менің көршім Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов екен, оны танисың ба?» деп сұраған. Ал 2014 жылғы хаттарда Эпштейннің адамдары оған «Мәсімовке сіздің сәлеміңізді жеткіздік» деп бірнеше рет есеп берген. Эпштейннің өзі бір хатында «Мәсімовпен жай ғана достық әңгіме құр» деп кеңес берсе, тағы бірінде «Нью-Йоркте тамаша уақыт өткізген К.-ға менен сәлем айт» дейді. Бұл хаттағы «К.» – Қазақстанның бұрынғы вице-премьері әрі Ұлттық банк төрағасы болған Қайрат Келімбетов болуы ықтимал.
Сонымен бірге, хаттарда International Peace Institute (IPI) институтында жұмыс істеген белгісіз қазақстандық «И.» есімді қыз туралы ақпарат бар. Ол Эпштейннің кездесулерін ұйымдастыруға көмектескен. Мысалы, бір хатта: «И. (IPI-дағы қазақстандық қыз) қазанның 3-4-не екі күнге арзан қонақүй сұрады. Оған апартаменттерді ұсына аламыз ба?» деп жазылған.
2015 жылы Эпштейннің көмекшісі Л.Г. «Джеффри шаршаған, кездесуді ертеңге ауыстырайық деп И.-мен келістік» деген хат жолдаған. Жалпы, «қазақстандық қыз И.» аты құжаттарда кемінде 38 рет аталады.
Бұған қоса, құжаттарда Қазақстандағы бір ведомствоның Эпштейнмен байланысы болуы мүмкін International Peace Institute институтымен 400 мың долларға келісімшарт жасасқаны да жазылған. Хаттарда америкалық жоғары лауазымды шенеуніктің Эпштейнге Қазақстан туралы үнемі аналитикалық хаттар жіберіп отырғаны айтылған. Осындай хаттың біріне Эпштейн: «Оларға жылына 3-5 миллион деп айт» деген жауап берген. Бірақ бұл қаржының кімге, не мақсатқа қажет болғаны нақты айтылмаған.
Саясаткер Әміржан Қосанов: «Конституциялық комиссия ұлттық телеарналардың әлеуетін әлі де толық пайдаланып отырған жоқ. Неге комиссия мүшелері балама пікір білдірушілермен ашық дебатқа шықпайды?» деп сайтымызда ойын ортаға салды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

