Қазақстандағы бір топ белсенді мен құқық қорғаушылар президент Тоқаевқа ашық хат жолдап, Конституцияға енгізілмек өзгерістерге қатысты алаңдаушылық білдірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz Қазақстанның адам құқығы жөніндегі бюросына сілтеп.
Хатта белсенділер Ата заңға ұсынылған өзгерістердің тым асығыс әрі жабық жағдайда талқыланып жатқанына назар аударған. Қоғам өкілдері реформаның бастапқыда парламенттік жүйені нығайту мақсатында жарияланып, кейін кенеттен Конституция мәтінінің 80 пайыздан астамын өзгертуді қамтыған жедел реформаға айналғанына таңғалып отыр.
Құқық қорғаушылардың пікірінше, реформаға деген қоғамдық сенім Конституцияның мазмұнымен ғана емес, оны қабылдау процесінің ашықтығы мен заңдылығына да тікелей байланысты.
«2022 жылы қабылданған Конституциялық реформаның басты мақсаты биліктің бір адамның қолына шоғырлануына тосқауыл қою және президент сайлау тәртібінің беріктігін қамтамасыз ету болатын. Бірақ қазіргі кезде дәл сол қауіптер қайтадан туындап отыр», – делінген хатта.
Комиссия құрамында ескі Қазақстан өкілдері жүр ме?
Азаматтық қоғам өкілдері Конституциялық комиссия құрамына бұрынғы жылдардағы авторитарлық реформаларды дайындаған адамдардың қайтадан кіргеніне алаңдайды.
«Өкінішке қарай, ел осы арқылы бұрынғы қателіктерін қайталауға жақындап тұр. Конституция өзгерістері ашық талқыланбай, жабық есік артында дайындалып, ескі әдістермен қайта ұсынылып жатыр», – деп жазылған үндеуде.
Сонымен қатар белсенділер президенттің 2025 жылғы жолдауында Конституциялық реформа кем дегенде бір жыл бойы терең талқыланып, 2027 жылы референдум арқылы қабылданатынын айтқанын еске салған.
Алайда іс жүзінде Конституциялық комиссия тез арада құрылып, оның өкілеті кеңейіп, қоғамдық талқылауға уақыт пен мүмкіндік берілмеген. «Бұл Конституцияның саяси мақсатта пайдаланылуы, оның тұрақтылық пен ел бірлігін сақтау қабілетін әлсірететін қауіпті үрдіс», – деп ескертеді қоғам белсенділері.
Хат авторларының пікірінше…
Ауқымды өзгерістер біртұтас пакет түрінде референдумға шығарылса, азаматтардың нақты мәселелер бойынша өз ұстанымын білдіруіне мүмкіндік берілмейді. «Бұл Конституция реформасының келешекте қоғам тарапынан мойындалмау қаупін күшейтеді», – делінген үндеуде.
Сонымен бірге, Конституцияда адам құқықтары мен бостандығының деңгейін төмендететін немесе билікке оларды шектейтін еркіндік беретін бұлыңғыр тұжырымдар болмауы керек деп атап көрсетілген.
Қоғам белсенділері Конституциялық реформаның қоғамдағы тұрақтылыққа қызмет етуін қамтамасыз ету үшін мынадай нақты ұсыныстар жасап отыр:
- Конституциялық комиссияның жұмыс аясын тек парламенттік реформамен шектеу;
- Конституцияны толық қайта қарауды емес, өзгерістер енгізудің тәртібі мен ережесін реттейтін жеке заң қабылдауды ұсыну;
- Референдумды түрлі тақырыптар бойынша жеке-жеке дауыс беру мүмкіндігімен өткізу;
- Адам құқықтары туралы нормалардың тек күшейтілетін бағытта ғана өзгеруін заңмен бекіту;
- Конституциялық нормалар қабылданбай тұрып, салалық заңдарды алдын-ала өзгертпеу;
- Конституция өзгерістерін бір жыл бойы ашық талқылауды қамтамасыз ету;
- Елдің барлық аймақтарында қоғамдық тыңдау өткізу.
Үндеу соңында қоғам белсенділері президенттен осы ұсыныстарды назарға алып, Конституцияны ағымдағы саяси мақсаттар емес, ұзақ мерзімді қоғамдық келісімнің берік іргетасы етуді сұрапты. Олар Ата заңның жиі әрі асығыс өзгертілуі мемлекет тұрақтылығына емес, қоғамдағы алауыздыққа жол ашатынын ерекше атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

