Қазақстанға инвестиция тарту бойынша үлкен сандар мен әдемі баяндамаларға қарап, бәрі жақсы деп айта салуға әсте болмайды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Осы ретте сарапшы Әлен Серік еліміздегі тартылыған инвестиция санынан бұрын сапасына мән беру керек екенін алға тартты.
Соңғы жылдары әлемде шетелдік тікелей инвестицияның (ПИИ) логикасы өзгерген. Бұрын инвестицияларды жай ғана капитал, ақша көзі деп қараса, қазір оны экономиканы жаңғыртудың, технологиялық дамудың құралы ретінде қабылдайды. Осы орайда Ирландияның инвестиция тартудағы тәжірибесі Қазақстан үшін ерекше маңызға ие болып отыр.
– Қазір елдер инвестиция көлемі үшін емес, оның сапасы үшін күресуде. Ақша ғана емес, технология, білім, біліктілік пен жаһандық құндылық тізбектеріне интеграция маңызды. Технологиялық пайдасы жоқ инвестицияны қабылдау, мүмкіндікті жіберіп алумен бірдей. Еуропа бұл шындықпен бетпе-бет келді. Қазақстан қазір дәл осы таңдау алдында тұр, – дейді сарапшы Әлен Серік.
Ұзақ жылдар бойы ПИИ экономикалық дамудың әмбебап рецепті ретінде саналды. Алайда бұл көзқарас қазір өзгерген. Технологиямен, адами капиталмен байланыстырылмаған инвестициялар тек өндірістік «аралдарды» құрайды. Өнім бар, экспорт бар, бірақ экономикада инновациялық серпіліс жоқ.
Инновациясыз инвестиция экономикалық тұйыққа тірейді
Ирландия болса инвестицияны жай капитал емес, экономиканың құрылымын өзгертетін стратегиялық құрал ретінде пайдаланып келеді. Олар кез келген инвестицияны қабылдамай, тек технологиялық, экспорттық әлеуеті жоғары, ғылыми-зерттеу жұмыстарына негізделген жобаларға басымдық беруде. Нәтижесінде шағын Ирландия фармацевтика, ІТ және басқа жоғары технологиялық салаларда әлемдік орталыққа айналды.
Әлен Серіктің айтуынша, Ирландия инвестицияны ақша көлемімен емес, оның салдарымен өлшейді. Экономикада не өзгерді, экспорт құрылымы күрделенді ме, Жергілікті компаниялар жаһандық тізбекке кірікті ме деген сұрақтарға баса мән береді.
Қазақстанға да дәл осындай көзқарас қажет. Себебі біз инвестицияны көбіне бүгінгі экономиканың айнасы ретінде қабылдаймыз. Зауыт ашылады, бірақ технология сырттан келеді. Жергілікті өндіріс тек құрастырумен шектеледі. Соның салдарынан ПИИ-дың берер жемісі тез сарқылады. Біз жыл сайын миллиардтаған инвестиция тарттық деп есеп береміз, бірақ экономикамыз неге баяу дамиды?
– Себебі инвестиция сапасы бізде екінші орында тұр. Тек санға, көрсеткішке қараймыз. Ал Ирландия керісінше, инвестицияны тексеруден өткізеді. Жоғары технология әкеле ме? Ғылыми зерттеу бола ма? Адами капиталды дамыта ма? Осындай сұрақтарды алдын ала қояды, – дейді Әлен Серік.
Қазақстан көбіне салық жеңілдіктерін алдыңғы орынға қояды. Бұл қысқа мерзімде инвесторларды тартуға көмектескенімен, ұзақ мерзімде тәуелділік тудырады. Ирландия болса жеңілдіктерді қосымша құрал ретінде қарастырып, басты назарды білімді кадрларды дайындауға, сапалы инфрақұрылым мен болжамды заңнамалық орта қалыптастыруға аударған.
Инвестицияның жаңа логикасы
Екінші маңызды мәселе, жергілікті бизнесті ПИИ жобаларымен байланыстыру. Ирландияда мемлекет шетелдік инвесторларға жергілікті кәсіпорындармен әріптестік орнатуды талап етіп, сол арқылы технологиялық мультипликаторға қол жеткізді. Қазақстанда бұл жүйе өте әлсіз қалыптасқан.
– Ал біздің отандық кәсіпорындар шетелдік алпауыттардың талабына дайын емес сияқты. Бірақ мемлекеттің міндеті оларды дайындау. Ирландия осыны жасады. Мемлекет сапа стандарттарын көтерді, оқыту бағдарламаларын ашты, шағын кәсіпорындарды жаһандық стандарттарға бейімдеді. Қазақстан дәл осы жолмен жүруі керек, – дейді сарапшы.
Тағы бір басты ерекшелік, Ирландия инвестиция саласында нақты басымдықтарды айқындап алды. Олар фармацевтика, ІТ және жоғары технологиялық өндіріске баса көңіл болғанын білеміз. Таңдау ресурстарды шоғырландыруға мүмкіндік берген. Ал біз болсақ, инвестицияны барлық салаға қатар тартуға ұмтылып, ресурстарды шашыратып жүр.
– Инвестиция тартуды басты мақсат етіп қоюға болмайды. Ол тек құрал болуы тиіс. Біз технология мен біліктілік сатып алуымыз керек. Соынмен қатар экспорттың күрделі құрылымын қалыптастырудың да маңызы зор. Ирландияның тәжірибесі осыған үйретеді, – дейді Әлен Серік.
Қазір Қазақстан шешуші таңдау алдында тұр. Қарапайым капитал үшін емес, технологиялық трансформация үшін инвестиция тарту маңызды. Ирландиялық модель көрсеткендей, инвестициялар тек стратегияның ажырамас бөлігіне айналғанда ғана ел экономикасына ұзақ мерзімді, тұрақты өсім береді.
Айтқандай, Үкімет отырысында сөз сөйлеген Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев алдағы жылы Қазақстаннан әлемнің ірі шаһарларына қатынайтын жаңа әуе рейстері ашылатынын мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

