Теғранға қарсы соғыс әлем назарын өзіне аударған тұста АҚШ ешкім күтпеген жерден тағы бір елге «басып» кірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Күні кеше АҚШ-тың Оңтүстік қолбасшылығы (SOUTHCOM) Эквадор аумағында «террористік ұйымдарға» қарсы бірлескен әскери операциялар басталғанын жариялады. Бұл Трамп әкімшілігінің есірткі саудасымен күресті сылтауратып, Латын Америкасындағы әскери операцияларды кеңейтуінің кезекті қадамы. Бір қызығы, нақты қандай ұйымдар нысанаға алынғаны және операция ауқымы жайлы толық ақпарат берілген жоқ.
Эквадор президенті Даниэль Нобоаның билікке келген 2023 жылдан бері АҚШ-пен әскери және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге тырысқаны белгілі. 2024 жылы Нобоа АҚШ әскерилеріне жергілікті заңнамадан тыс ерекше құқық беретін келісімді ратификациялады.
Кейін ол Галапагос аралдарына АҚШ кемелері мен әскерін орналастыруға рұқсат етті. Тіпті Эквадор конституциясындағы «шетелдік әскери базаға тыйым салу» туралы нормаға қарамастан, АҚШ-тың Манта қаласындағы бұрынғы әскери базасын қайта ашуға әрекеттенді. Былтыр референдумда халық осы ұсынысты түбегейлі қабылдамағанымен, АҚШ әскері базада «уақытша» деп көрсетіліп, әлі де орналасып отыр.
Эквадор басшысы Кубамен дипломатиялық байланысты үзгенімен қоймай, Венесуэлаға қарсы АҚШ операциясын да ашық қолдап, ешқандай дәлелсіз Иран мен Хезболла сарбаздарының Эквадордағы қылмыстық топтарды жаттықтырып жатқанын мәлімдеді.
Нобоа елдегі зорлық-зомбылық пен қылмыс деңгейін төмендету мақсатында ұзақ мерзімді төтенше жағдай енгізіп, әскерді көшеге шығарды. Дегенмен, соңғы екі жылда елдегі қылмыс деңгейі бұрын-соңды болмаған 50 адамға шаққанда 100 мыңнан асатын рекордтық көрсеткішке жетті. Әскерилердің өзі қазір адам құқықтарын бұзуға қатысты ауыр айыптаулармен бетпе-бет келіп отыр.
Сарапшылардың пікірінше…
Нобоаның АҚШ-пен белсенді әскери ынтымақтастығы адам құқықтарының бұзылуына жағдай жасап қана қоймай, Эквадордағы демократия институттарын әлсіретуге әкеліп отыр. Президенттің сот жүйесіне қысымы, оппозицияны қудалауы мен тәуелсіз БАҚ-қа қысымы күшейген. АҚШ билігі осы жағдайларға көз жұмып қана қоймай, керісінше Эквадор президентінің бастамаларын белсенді қолдауда.
Жақында АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет Эквадордағы операциялар «әлі де жалғасады» деп ресми мәлімдеді.
Алдағы күндері елдің шығыс аймақтарында коменданттық сағат енгізіліп, қылмыстық топтарға қарсы кең ауқымды операция басталмақ. АҚШ билігінің қадамдары Оңтүстік Америкада тағы бір ұзақ мерзімді әскери операцияның басталғанын аңғартады.
Нобоа үшін бұл Уашиңтонмен әскери ынтымақтастықты күшейту арқылы өз билігін нығайтуға берілген үлкен мүмкіндік болса, Ақ үй үшін Латын Америкасында өз ықпалын одан әрі кеңейтудің тиімді құралы. Сарапшылар АҚШ-тың мұндай әрекеттері адам құқықтары мен демократияға орны толмас зиян келтіретінін ескертіп отыр.
Ескерту: материал responsiblestatecraft.org талдауы негізінде әзірленді
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







