Қариясыз ел қазынасыз ел. Қоғамды алға жетелейтін күш тек жастық пен жігер емес, ең алдымен өмірлік тәжірибе мен парасат болуы тиіс. Бұл – мемлекетті басқарудағы мәңгілік сабақ, деп пайымдайды депутат Еділ Жаңбыршин, деп жазады Ertenmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, халықтың тағдыры шешілетін жер – Парламент. Ол – айқай-шу мен даңғазаға емес, ақыл мен салмақты шешімдерге орын беретін алаң. Мұнда әсем сөзден гөрі еселі ой, жылдам қимылдан бұрын дұрыс шешім маңызды.
«Парламент – селфи жасайтын немесе жалаулатып ұран көтеретін жер емес, бұл – жасандылық емес, жаңашылдық қажет жер», – дейді Еділ Жаңбыршин.
Өзінің депутаттық қызметінде Жер қойнауы туралы кодекске өзгерістер енгізу барысында талай қысым көргенін атап өткен депутат, сол кезде тәжірибенің бағасын айқын сезінгенін айтады. Әсіресе, лоббистік топтардың жоғары билік өкілдеріне дейін кіріп, ықпал еткісі келген сәттерінде тәжірибелі тұлғалардың кеңесі ауадай қажет болды.
– Кейбір жас министрлердің олигополияның ығына жығылғанын көрдік. Осындай күрделі мәселелерде ақылдасқан, кеңесіне сүйенген азаматым мемлекет және қоғам қайраткері Бақтықожа Ізмұхамбетов. Ол күрделі мәселелерді терең түсініп, қажет болса Президент пен Үкімет басшысына жеткізіп отырды, – деп еске алады депутат.
Еділ Жаңбыршиннің пікірінше, мемлекетті ұстап тұратын лауазым емес, тәжірибе мен парасат. «Қариясын қадірлемеген қоғам тарихынан айырылып, тәжірибені тыңдамаған билік қателікті қайталайды. Ал ақыл мен аманатқа сүйенген ел ғана алысқа барады. Ақылдың жасы жоқ, елге қызмет етудің өлшемі – шу емес, шынайы нәтиже», деп түйіндейді депутат.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







