Психологиялық көмекке сұраныс артқан сайын бұл саланы реттеу мәселесі де күн тәртібіне шықты. Алайда жаңа заң жобасы барлық түйінді шеше ме, әлде жаңа мәселелер туындата ма. Әсіресе, мамандардың біліктілігі, кәсіби еркіндігі және қызмет сапасы төңірегінде пікірталас күшейген.
Осы өзгерістердің мәні мен салдары жайында Ertenmedia-ға психолог Гүлзат Асанова өз пікірімен бөлісті.
– Қазақстанда психолог қызметін заңмен реттеуге қандай қажеттілік бар, бұл бастаманың артында қандай себептер жатыр?
– Меніңше, қазір ең көп айтылып жүрген негізгі уәж – нарықты «псевдопсихологтар» басып кетті деген пікір. Мұны депутаттар да айтып жүр. Әдетте бұл сөзбен Instagram мен басқа да әлеуметтік желілер арқылы қызметін жарнамалап жүрген адамдарды меңзейді. Олардың арасында базалық психологиялық білімі жоқ, мысалы, журналист не басқа саладан келген, қысқа курстар оқып алған адамдар бар.
Бірақ мұнда бір маңызды нәрсе бар. Қазіргі таңда дәл осы «псевдопсихологтардан» нақты қанша адам зардап шеккенін көрсететін ғылыми зерттеу де, нақты статистика да жоқ. Соған қарамастан, дәл осы уәжбен бүкіл саланы заңмен реттеу керек деген пікір айтылып жатыр. Яғни, кез келген адам өзін психолог деп атай бермей, тек арнайы білімі бар маман ғана солай аталуы керек деген талап қойылуда.
Осы жерде тағы бір сұрақ туындайды. Біз базалық психологиялық білім туралы айтсақ та, оның өзі әртүрлі. Қазір қысқа мерзімді бағдарламалар көбейіп кетті: бір жылдық, екі жылдық курстар, тіпті шетелден, әсіресе Ресейден алынған дипломдар бар. Бірақ сол дипломдар Қазақстанда қалай танылады? Қандай талаппен бағаланады? Олардың сапасын кім тексереді? Бұл сұрақтардың жауабы әзірге нақты емес.
Тағы бір маңызды мәселе – психологтарды екіге бөліп қарау керек. Біріншісі – жалпы базалық білімі бар психологтар. Екіншісі – тәжірибелік, яғни практикалық психологтар. Бұл екеуі бірдей емес.
Практикалық психологтар адамдармен тікелей жұмыс істейді, кейде психотерапия әдістерін де қолданады. Олар университет бітіргеннен кейін де қосымша 4-7 жылдай дайындықтан өтеді. Сол себепті өткен жылы ұлттық мамандықтар жіктеуішіне «медициналық емес психотерапия» деген бөлек бағыт енгізілді.
Шын мәнінде, халыққа терең психологиялық көмек көрсететіндер – осы практикалық мамандар. Ал жай ғана психолог дипломы бар кез келген адам мұндай деңгейде жұмыс істей алмайды. Университет түлегі көбіне кеңес беруге, мекемелерде жұмыс істеуге дайын болады. Бірақ жеке практикаға да, терең психотерапиялық жұмысқа да бірден дайын емес. Сондықтан бұл жерде ең маңыздысы – «психолог» пен «тәжірибелік психологты» (немесе медициналық емес психотерапевтті) нақты ажырату. Егер заң осыны ескермесе, онда ол мамандықты тым қарапайым етіп көрсетіп, оның шынайы құрылымы мен біліктілік деңгейін толық ашпай қалуы мүмкін.
– Жаңа заңда психологтардың құқықтары мен міндеттері қалай белгіленеді?
– Бұл заң жобасында бір анық байқалатын үрдіс бар: психологтардың міндеттері олардың құқықтарына қарағанда әлдеқайда нақты әрі қатаң жазылған.
Міндеттеріне келсек, мыналар кіреді:
- клиенттен міндетті түрде жазбаша келісім алу,
- өзінің білімі мен қандай әдістермен жұмыс істейтінін ашық айту,
- құпиялылықты сақтау,
Сондай-ақ шектеулерді сақтау – мысалы, жалған жарнама жасамау, медицина саласына заңсыз араласпау. Яғни заң психологтың қалай жұмыс істеуі керек екенін, не үшін жауап беретінін анық көрсетіп отыр. Ал құқықтары жағы жалпылама күйде қалған. Кәсіби еркіндігін күшейтетін нақты тетіктер онша көрінбейді.
Бұл жағдай мамандықтың мәртебесін көтере ме? Бір қарағанда – иә. Өйткені заң арқылы мамандық ресми түрде мойындалады, бәріне ортақ талаптар енгізіледі, реестр мен сертификаттау жүйесі пайда болады, клиент үшін ашықтық артады. Бұл жалпы сенімді күшейтуі мүмкін.
Бірақ мұнда тәуекелдер де бар. Біріншіден, бақылау жағы басым түсу қаупі бар. Міндет пен жауапкершілік көп, ал құқық пен қолдау аз болса, психолог өз алдына дербес маман емес, тек талапты орындаушы сияқты болып қалуы мүмкін. Екіншіден, мамандық формалды сипатқа айналуы ғажап емес. Яғни дипломың бар, реестрге кірдің – болды, жұмыс істей бересің деген түсінік қалыптасады.
Бірақ сол реестрде не ескеріледі? Дайындықтың тереңдігі, жеке терапиядан өту, супервизия сияқты маңызды дүниелер есепке алына ма – бұл жағы әзірге белгісіз. Сондықтан ең үлкен қауіп – әртүрлі деңгейдегі мамандарды бірдей етіп көрсету.
Жалпы алғанда, бұл заң мамандықтың сыртқы, формалды мәртебесін күшейтуі мүмкін. Бірақ сонымен бірге сапаны нақты арттырудан гөрі, бақылауды күшейтіп жіберу қаупі де жоқ емес.
– Қабылданатын заң «псевдопсихологтар» мәселесін шеше ала ма?
– Меніңше, бұл тек ішінара әсер етеді. Ресми талапқа сай дипломы жоқ кейбір мамандар шынымен нарықтан кетуі мүмкін немесе көлеңкеге өтіп жұмыс істеуі ықтимал.
Ал үлгеріп, формалды диплом алып алғандар – дайындығы әлсіз болса да – заң аясында жұмысын жалғастыра бермек. Сонда олардың қызметі заңдастырылған болып көрінеді, бірақ бұл міндетті түрде сапасы артты дегенді білдірмейді.
Яғни заң «псевдопсихологтардың» көзге көрінуін азайтуы мүмкін. Бірақ психологиялық көмектің сапасы нақты жақсарады деп кепілдік бере алмайды.
– Бұл өзгерістер халық үшін психологиялық көмекті қолжетімді ете ме, әлде керісінше қызмет бағасын өсуіне себеп болуы мүмкін бе?
– Иә, қызмет бағасы өсуі де мүмкін. Егер реестрге тіркелу ақылы болса немесе қосымша ақылы бақылау тетіктері енгізілсе, оның бәрі ақырында клиенттің қалтасына әсер етеді. Өйткені психологтар бұл шығынды қызмет құнына қосуға мәжбүр болады. Онсыз да бұл салада шығын аз емес: оқу, жеке терапия, супервизия – бәрі қымбат. Соған тағы міндетті төлемдер қосылса, кейбір мамандар үшін бұл ауыр болмақ. Соның салдарынан бір бөлігі басқа салаға кетуі ықтимал. Ал нарықта қалған қызметтің бағасы қымбаттап, қарапайым халық үшін психологиялық көмек қолжетімсіз бола түсуі мүмкін.
– Егер психолог клиентке зиян келтірсе, оның жауапкершілігі қандай тәртіппен қаралады?
– Шын мәнінде, бұл жаңа мәселе емес – ол бұрыннан бері кәсіби ортада реттеліп келеді. Әлемдік тәжірибеде де, Қазақстанда да әртүрлі бағыттағы психологтардың кәсіби қауымдастықтары бар. Сол қауымдастықтардың ішінде арнайы этикалық комитеттер жұмыс істейді. Олар клиенттерден түскен шағымдарды қарайды.
Егер шағым түссе, комитет:
- жағдайды жан-жақты талдайды,
- маманның әрекетін этикалық кодекс бойынша бағалайды,
- зиян келді ме, жоқ па – соны анықтайды. Ал заңбұзушылық расталса, түрлі шаралар қолданылуы мүмкін:
- ескерту жасау,
- уақытша жұмысын шектеу,
- қауымдастықтан шығару,
- тәжірибе жүргізуге берілген сертификатты қайтарып алу.
Оның маңызы неде? Өйткені мұндай жүйе қазірдің өзінде кәсіби қауымдастықтар арқылы қызмет сапасын бақылап отыр. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын психологтар әдетте осындай қауымдастықтардың мүшесі болады және этикалық кодекс аясында жұмыс істейді. Мұндай жағдайда клиент те белгілі бір деңгейде қорғалады – кәсіби жауапкершілік механизмі арқылы.
Ал егер бұл жеткіліксіз болса? Егер мәселе қауымдастық деңгейінде шешілмесе немесе зиян айтарлықтай ауыр болса, клиент сотқа немесе құқық қорғау органдарына жүгіне алады. Яғни бұл жалпы заң аясында қаралады. Сондықтан жаңа заң шыққанға дейін де кәсіби қауымдастықтардың этикалық комитеттері арқылы жауапкершілік пен зиян мәселесі реттеліп келген.
Меніңше, дәл осы модель – кәсіби ортаға сүйенетін жүйе – сақталып, керісінше күшейтілуі керек. Оны толықтай мемлекеттік бақылаумен алмастыру дұрыс шешім болмауы мүмкін.
– Әңгімеңізге рақмет!
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







