Үйде не сейфте ұзақ жылдан бері сақталған қолма-қол ақша кейін салық мәселесіне айналуы мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мәселе 250.00 декларациясына қатысты болып тұр. Егер азамат бұрыннан жинап жүрген ақшасын сол бастапқы декларацияда көрсетпесе, мемлекет үшін ол қаражат ресми түрде тіркелмеген болып саналады. Кейін қымбат мүлік сатып алғанда немесе шығыс көлемі табысқа сай келмей тұрса, салық органдары ақшаның қайдан шыққанын сұрауы ықтимал.
Салық мамандарының айтуынша, мұндай жағдайда ақша көзінің заңды екені дәлелденбесе, азаматтан 10 пайыз көлемінде жеке табыс салығын төлеуге мәжбүр болады. Яғни, мәселе ақшаның қашан жиналғанында емес, оның кезінде декларацияда көрсетілген-көрсетілмегенінде болып тұр.
Көп адам ескі жинағын үйде сақтап келген. Пәтер, көлік, депозит секілді мүлікті мемлекет цифрлық база арқылы өзі көре алады. Ал қолма-қол ақшаны азаматтың өзі көрсетуі керек еді. Қазір ең көп сұрақ туғызып отырған тұс та осы.
Дегенмен, салық бірден автоматты түрде есептеле салмайды. Алдымен кіріс пен шығыс арасында сәйкессіздік байқалса, камералдық бақылау аясында хабарлама келеді. Содан кейін азаматқа жағдайды түсіндіруге және қаражаттың қайдан шыққанын дәлелдеуге 30 жұмыс күні беріледі.
Егер сатып алуға жұмсалған қаржының ресми табыспен байланысы көрінбесе, оны қарыз арқылы түсіндіруге тырысатындар да бар. Мысалы, туыстан ақша алса, қолхат көмектесуі мүмкін. Ал дос, серіктес не басқа адамнан алынған қарыз болса, ондай келісім нотариус арқылы рәсімделуі керек. Ең маңыздысы, құжат ақша нақты берілген күні жасалуы тиіс. Кейіннен артқа қарай рәсімдеу жарамайды.
Мұндай істерде жауапкершілік те жеңіл емес. Декларацияға қатысты талап бұзылса, әуелі ескерту жасалуы мүмкін. Кей жағдайда айыппұл салынады. Ал салықтан жалтару немесе активті жасыру анықталса, жаза бұдан да қатаң болуы ықтимал.
Мамандардың айтуынша, кей жағдайда мәселені әлі де реттеуге болады. Егер мерзім мүмкіндік берсе, қосымша декларация тапсырып, бұрын көрсетілмеген қолма-қол қаражатты заңдастыру жолын қарастыруға болады. Әйтпесе ертең үйде жатқан ескі қор ірі шығын кезінде немесе тексеріс барысында күрделі салық дауына айналуы мүмкін.
Қысқасы, бұрын «қара күнге» деп жиналған ақша қазір жай жинақ қана емес, заңдық жауапкершілікпен қаралатын мәселе. Сондықтан үлкен сатып алу алдында қолдағы қаражаттың құжаттағы көрінісін бір қарап алған артық етпейді.
Айтқандай, Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мобильді аударымдарды бақылауға қатысты маңызды түсініктеме берді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







