Қазақстанда бақылаусыз несие мен оңай рәсімделетін бөліп төлеу дәуірі бәсеңдей бастады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова қарыз беру тәртібін қатайтатын жаңа шаралар пакетін жариялады. Енді жаңа смартфонды не өзге тауарды бөліп төлеуге алу мүмкіндігі де азаматтың банктер алдындағы жалпы берешегі мен ресми табысына тікелей тәуелді болмақ.
Реттеуші орган халықтың шамадан тыс қарызға батуына шындап кіріскен. Негізгі мақсат қай банктен алынса да, белгілі бір межеден асқан соң жаңа қарызға жол бермейтін ортақ шектеу енгізу.
Жаңа тетіктің өзегінде жиынтық борыш коэффициенті тұр. Енді азаматтың барлық несиесі жылдық табысына байланады. Яғни ипотека, автонесие, кепілсіз тұтынушылық қарыз сияқты әр өнім бөлек қаралғанымен, түпкі өлшем қарыз алушының табысына шаққандағы жалпы салмақ болмақ. Оған қоса, борышкер иығына ілуге рұқсат етілетін ең жоғары сомаға да нақты шек қойылмақ.
Агенттік бөліп төлеу нарығына да тізгін салуға кірісті
Қазір маркетплейстер ұсынып жүрген «тауарды бөліп төлеу» қызметі көпшілікке жай ғана ыңғайлы сауда құралы болып көрінгенімен, реттеуші оны кәдімгі несие өніміне тән белгілері бар құрал ретінде бағалап отыр. Сол себепті мұндай өнімдер де алдағы уақытта толыққанды бақылауға түсуі ықтимал.
Мұның мәні біреу: қаржы ұйымы емес платформалар арқылы берілетін бөліп төлеу де енді тексеріссіз тарай бермейді. Заңнамаға өзгеріс енгізілсе, аталған нарық та банк не микроқаржы секторы секілді талаппен өмір сүрмек.
Тағы бір маңызды бағыт табысты растау тәртібін қатаңдату. 2027 жылғы 1 қаңтарға қарай реттеуші банктердің қарыз алушы сөзіне сеніп, бейресми дерекке сүйену жолын барынша жабуды көздеп отыр. Скоринг модельдері қайта қаралады, ал табыс көзін дәлелдейтін тізім ресми кіріске қарай ықшамдалады.
Мәдина Әбілқасымова қазір азаматтың төлем қабілетін бағалауда әртүрлі дереккөз пайдаланылатынын, олардың бәрі бірдей сенімді емес екенін айтты. Сол себепті ресми расталған табысқа қойылатын талап күшеймек.
Агенттік мәліметінше…
2025 жылы қабылданған шектеулердің алғашқы әсері қазірдің өзінде сезілген. Несие беру қарқыны 30 пайыз деңгейінен нөлге жуық көрсеткішке дейін баяулаған. Бес жылдан асатын қарызға шек қою және мерзімі кешіккен берешегі бар адамға, тіпті микроқаржы ұйымындағы бір күндік кешігу болса да, жаңа несие беруді тоқтату нарықты суыта бастаған.
Келесі кезекте ипотека саласы тұр. Реттеуші мөлшерлемені алғашқы жарна көлеміне қарай саралауды жоспарлап отыр. Яғни бастапқы жарна неғұрлым жоғары болса, несие соғұрлым арзан түсуі мүмкін. Ал табысын жоғары деңгейде растай алмайтындар үшін негізгі жол ретінде «Отбасы банкінің» бағдарламалары қалуы ықтимал.
Сөйтіп, қаржы нарығындағы жаңа тәртіп қарызды қолжетімді етуден гөрі, оны сүзгіден өткізетін жүйеге айналғалы тұр. Енді банк үшін де, маркетплейс үшін де басты сұрақ біреу: азамат тағы қанша қарыз көтере алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







