Қазақстанда депозит қарапайым жинақ құралы ғана емес, инфляциямен арпалысатын қорғаныс қалқаны. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайыз деңгейінде қалдырған шақта банктер салымшы үшін күресті күшейтуде. Тиісінше қысқа мерзімді жоғары табысты өнімдерін алға шығаруда, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Наурызда жылдық инфляция 11 пайызға дейін бәсеңдегенімен, баға қысымы толық сейілген жоқ. Сондықтан 15–20 пайыз аралығындағы депозит нарығы жеке қаржысын сақтағысы келетін азамат үшін әлі де тартымды бағыт болып тұр.
Ең жоғары табыс іздеген адам үшін негізгі бәсеке 3–6 айлық жинақ немесе мақсатты депозиттерде жүріп жатыр. Home Credit Bank «Сберегательный Хоум+» өнімі бойынша ГЭСВ 20,5 пайызға дейін көрсетсе, Freedom Bank «Капитал» депозитінде 6 айға 20,01 пайызға дейін табыс ұсынады.
Kaspi-дің жинақ депозиті 3 айға 20 пайыз, Bank RBK Safe 6 айға 20 пайыз, ForteBank жинақ депозиті 20 пайызға дейін барады. Банк ЦентрКредит «Моя цель» депозитінде 3 айға 20 пайызға дейін ұсынады, ең төменгі сома 1 теңгеден басталады.
Алайда жоғары пайыздың өз бағасы бар
Жинақ депозиттер көбіне ақшаны еркін алуға мүмкіндік бермейді. Кей өнімде толықтыру бар, бірақ ішінара шешу жоқ. Кей депозит мерзімінен бұрын жабылса, сыйақы төмендейді немесе мүлде жоғалуы мүмкін. ҚДКБҚ да жинақ салымдардың ұтқырлығы төмен екенін, мерзімінен бұрын ақша алу кезінде 30 күнге дейін күту және сыйақының азаю қаупі барын ескертеді.
Күнделікті ақшаға немесе төтенше жағдай қорына депозит ашатын адамға икемді өнім тиімдірек. Мысалы, Halyk-тің «Универсальный» депозиті бойынша 6 айға ГЭСВ 15,27 пайыз, 12 айға 15,04 пайыз көрсетілген. ForteBank-тің ақша шешуге болатын депозитінде ГЭСВ 15–15,7 пайыз аралығында.
Kaspi-дің әдеттегі депозиті бойынша теңгедегі тиімді жылдық ставка 15 пайыз. Мұндай өнімдер жоғары табыс бермейді, есесіне ақшаға қол жеткізу жеңіл.
Сараптамалық тұрғыдан қарағанда, таңдау үш мақсатқа тіреледі. Үш ай бойы ақшаға тимей отыруға дайын адам 20 пайыздық қысқа депозиттерге қарай алады. Алты айға бекітуге мүмкіндік болса, Freedom Bank, Bank RBK, Altyn Bank секілді банктердің жоғары табысты өнімдері назар аударады. Ал ақша кез келген сәтте керек болуы мүмкін болса, жоғары пайызды емес, икемді шартты таңдаған жөн. Altyn Bank «Резерв+» бойынша 6 айға ГЭСВ 20 пайыз көрсеткенімен, жинақ өнімдерінде ішінара шешу қарастырылмаған.
Мамандар не дейді?
Ertenmedia-ға пікір білдірген қаржы сарапшысы Айбар Олжайдың айтуынша, 20 млн теңгеден асатын қаражаты бар азаматқа бір банктегі ең жоғары пайызға ғана қарау жеткіліксіз.
«ҚДКБҚ кепілдігі теңгедегі жинақ салым бойынша 20 млн теңгеге дейін, өзге теңгелік депозит бойынша 10 млн теңгеге дейін қолданылады. Сондықтан ірі соманы бірнеше банкке бөліп орналастыру тәуекелді азайтады. Жақсы депозит деген ең үлкен пайыз емес. Жақсы депозит адамның мақсатына, мерзіміне, сомасына және ақшаны қашан қажет етуі мүмкін екеніне дәл келетін өнім», — дейді тұста сарапшы.
Айтқандай, қазақстандықтар жинақ ақшасын неге Forte мен Freedom-ға апаруда? Толығырақ осы тұстан оқи аласыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







