Қазақстанда ит-құсқа араша сұрап, ұлт мүддесіне келгенде аузын жұмып қалатын топ бар. Соңғы бір ай бойы депутат Жаңбыршинмен жаға жыртысып жатқан Аружан Сайындардың әрекетіне танымал сарапшы Нұрлан Жұмахан баға берді деп жазады Ertenmedia.kz.
Әңгіме хайуанға жанашырлықта емес, өз халқына деген ішкі дистанцияда жатыр. Кей адам итті өбектейді, бірақ өз ұлтын өгейсініп, іштей ұнатпай жүреді. Онысын сырт көзге сездірмейді. Бірақ реакциясынан байқалады. Қазақ тілі сөз болса, жүзі қарайып кетеді. Мемлекетшілдік мәселесі көтерілсе, сөзіне мысқыл араласады. Неге?
Өйткені әлгілердің әлемінде ұлттық тақырыпқа араласпауды “тазалық” саналайтын құбылыс бар. «Қараңдар, мен сендер сияқты ұлттық, эмоциялық топтың адамы емеспін, мен нәзікпін, гумандымын, өркениет жақтамын” деген жалған пафос жүреді. Жануар құқығын қорғау арқылы бұлар өзін басқалардан бөлектейтін әлеуметтік кастаға айналдырып қалған.
Тағы бір байқағанымыз…
Әлгіндей топ көбіне иерархиядан қашады. “Алдымен не тұруы керек?” деген сұраққа жауап бергісі келмейді. Ұлт па, тіл ме, мемлекет пе, әлде жалпы адамзаттық абстрактілі ұран ба? Егер адам үшін иесіз иттің тағдыры қазақ мектебінің тағдырынан өткірірек болса, онда оның дүниетанымында әлдебір ақау бар деген сөз.
Сосын ұлт, тіл, мемлекет тақырыбы жауапкершілік сұрайды. Позицияң нық болуы тиіс. Ал жануар құқығында ондай саяси тәуекел аздау. Қоғамдық бедел аласың, бірақ ұлттық мәселедегідей қиян-кескі майданға кірмейсің.
Әңгіме “итшілдер жаман” дегенде емес. Әңгіме мынада, ұлттық өзегі әлсіреген орта көбіне моральды да таңдап тұтынады. Қай жерде тәуекел аз, сол жерде ізгі. Қай жерде образ жинауға болады, сол жерде белсенді.
Тамыры жоқ гуманизм
Шын мәнінде ит-құсты қорғау мен ұлтқа жанашыр болу бір-біріне қайшы ұғым емес. Қайта, сау қоғамда екеуі де қабысып тұруы тиіс еді. Осы тұрғыда соңғы күндері депутат Жаңбыршинмен алысып жүрген топтың әрекетін тамыры жоқ гуманизм деп сипаттар едік. Осы жолда жүргендер аз емес. Олар адамға, қоғамға емес, көбіне символға жұмыс істейді. Өздерін мейірімді, қайырымды етіп көрсетеді, бірақ ұлт мәселесі сынға түскенде мүлде басқа тараптан табылады. Кісінің шын өлшемі де сонда ашылады.
Ашығын айтқанда, кімнің мейірімі өз үйінен басталмаса, оның гуманизміне сақ қарауымыз керек. Ана тіліне суық, ұлттық мүддеге бейжай, мемлекет тағдырына салғырт адам итке келгенде кенеттен “әділетшіл” болып шыға келсе, онда оның елге қатысты ұстанымынан күдіктенуге толық негіз бар.
Егер адам құстың ұясына алаңдап, ұлттың ұясы қирап жатқанына селт етпесе, онда оның гуманизмі тұтас емес. Ол таңдаулы гуманизм. Ұлтқа, мемлекетке, тілге келгенде үнсіз қалған “ізгілік” толық ізгілік емес. Ол ма, ол шала мораль.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







