ҚТЖ басшысы Талғат Алдыбергенов компанияның қарызы 4 трлн теңгеге жеткен тұста топ-менеджерлер мен директорлар кеңесіне 1 млрд теңгеден астам сыйақы төленуіне қатысты пікір білдірді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, сыйақы беру туралы шешімді компания басшылығы емес, директорлар кеңесі қабылдайды. Формалды тұрғыдан солай шығар. Бірақ қарапайым халық үшін мұндай жауап мәселенің салмағын жеңілдетпейді. Себебі жұртты қызықтырып отырғаны шешімді кімнің қабылдағаны ғана емес, ҚТЖ-ның бүгінгі қаржылық жағдайында мұндай сыйақының қаншалықты орынды екені.
Компанияның қарызы 4 трлн теңгеге жетуінен еліміздің теміржол саласындағы жүйелі мәселенің, басқару мен тарифтік саясатағы кемшілікті байқауға болады. Осындай жағдайда топ-менеджерлер мен директорлар кеңесінің мүшелері өздеріне сыйақы алғанда, ең алдымен «біздің жұмысымыз шынымен осы ақшаға лайық па?» деп ойлануы керек еді.
ҚТЖ елдің логистикалық күретамыры. Экономиканың жүгі, экспорттың бағыты, транзиттің тағдыры, өңірлер арасындағы байланыс осы жүйеге қарап тұр. Мұндай компанияда басқарушы топтың жауапкершілігі де бөлек болуы керек.
Егер компания табысты, қарызы аз, қызмет сапасы жоғары, логистикасы мінсіз, вагон тапшылығы жоқ, жүк тасымалы уақытында жүріп тұрса, сыйақы туралы әңгіме басқа болар еді. Бірақ қарыз өсіп, салада проблема көбейіп тұрғанда миллиардтық сыйақы халықтың көкейінде заңды сұрақ тудырады.
Мұндайда топ-менеджерлерге тек регламент пен шешім тәртібінің артына тығылу жеткіліксіз. Басқарушы адамның ұяты, кәсіби жауапкершілігі, ел алдындағы өлшемі болуы керек. Қарызға белшеден батқан компанияда отырып, сыйақыны қалыпты нәрсе ретінде қабылдау – қоғамның ашуын тудыратын әрекет.
Қазақстанға тек қызмет орнын үлкен табыс көзі деп қарайтын менеджерлер емес, нәтижеге жауап беретін басқарушылар қажет. Егер топ-менеджер компанияны сауықтыра алмаса, қарызды азайта алмаса, қызмет сапасын көтере алмаса, онда сыйақы емес, ең алдымен жауапкершілік туралы сөз қозғалуы тиіс.
ҚТЖ-ның бағы жануы үшін жүйеге жаңа мәдениет керек. Ол мәдениет «алдымен қарпып алайық» деген түсінікке емес, «алдымен нәтижеге жеткізейік» деген қағидаға сүйенуі қажет. Қоғам дәл осыны талап етіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







