Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желілердегі БАҚ, журналист, белсенді және блогер аккаунттарын бұғаттауға қатысы жоғын мәлімдеді. Вице-премьер, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева кейінгі кезде қоғамда жиі айтыла бастаған жаппай бұғаттау жөніндегі ақпаратқа жауап берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Министрлік әлеуметтік желі қолданушыларының, соның ішінде БАҚ пен журналистердің аккаунттарын бұғаттамайды. Мемлекет мұндай әрекетке де, сөз бен пікір еркіндігін шектеуге де мүдделі емес», – деді Аида Балаева.
Министрдің сөзінше, журналистер мен блогерлердің кәсіби қызметіне негізсіз тосқауыл қою жекелеген авторларға ғана емес, мемлекеттік органдардың беделіне де нұқсан келтіреді.
Мұндай оқиғалар билік институттарын әдейі қаралау және министрліктің сөз еркіндігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысына кедергі жасау құралына айналып отыр.
Балаева алдағы Құрылтай сайлауы кезінде аталған мәселенің айрықша маңызға ие болатынын ескертті. Оның айтуынша, мемлекет журналистер мен блогерлердің заңды қызметін қорғауға міндетті.
Вице-премьер журналистердің кәсіби жұмыс барысында фото, аудио және бейне түсіруге, ақпарат таратуға құқығы барын да еске салды. Адамның рұқсатынсыз түсірілім жасауға ол көпшілік іс-шараға қатысқан, жария немесе қызметтік міндетін атқарған кезде, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті қорғау қажет болған жағдайда жол беріледі.
Сонымен бірге министр әлеуметтік желі әкімшіліктерін заңға қайшы контентті дер кезінде анықтап, өшіруге шақырды. Алайда құқық бұзатын материал мен заңды пікірді, кәсіби журналистика мен қоғамдық талқылауды бір-бірінен анық ажырату қажет екенін атап өтті.
«Заңсыз контентпен күрес сөз еркіндігін негізсіз шектеуге ұласпауға тиіс. Сөз бостандығы мен жауапкершілік бір-біріне қайшы келмейді», – деді Аида Балаева.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







