Құрылтай сайлауы – еліміздің саяси өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. 26 жылдық тарихы бар «Ауыл» партиясы сайлауалды бағдарламасының басты бағыттары мен онда ұсынылған нақты бастамалар туралы «Ауыл» партиясының Төрағасы Қайрат Айтуғановпен сұхбаттасқан едік.
– «Ауыл» партиясын алға жетелеген негізгі ұстаным қандай?
– «Ауыл» партиясының 26 жылдық тарихы – ел мүддесіне адал қызмет ету жолы. Осы уақыт ішінде басты қағидаттарымыз – ауылды қолдау, еңбек адамының беделін арттыру, отандық өндірісті дамыту және халықтың әл-ауқатын көтеру міндеттеріне адал болдық. Бізді өзгелерден даралайтын басты қасиетіміз де осы ұстанған қағидаттарымызға беріктігіміз.
– Су ресурстары — соңғы жылдары аса өзекті тақырыптардың бірі. Бұл бағытта партия тарапынан қандай бастама көтерілді?
– Су – тіршілік өзегі, ауыл шаруашылығының күретамыры. Су ресурстары министрлігін құру туралы игі бастаманы Парламент мінберінен «Ауыл» партиясы көтерген еді. Нәтижесінде, суармалы жер көлемін 4 есеге – 312 мың гектардан 1, 3 млн. гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік туды. Жаңа Су кодексін әзірлеу барысында да фермерлердің мүддесін қорғауға ерекше мән бердік. Артық бюрократиялық кедергілерді азайтып, шаруалардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасауға күш салдық. Енді диқан-фермерлеріміз көктемгі еріген қар суын ешбір кедергісіз, бұрынғы Үкімет жобасында қарастырылғаннан 7 есе көп, яғни 2 млн. текше метрге дейін жинап, игілігіне жарата алады.
– Партияның әлеуметтік саясаттағы нақты жетістіктері бар ма?
– Бар, әрине. Әлеуметтік әділеттілік, яғни, әлеуметтік қорғансыз жандарды қамқорлыққа алу біздің саясатымыздың өзегі болып қала береді. «Ауыл» партиясы бастамаларының нәтижесінде I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар үшін салық салынбайтын табыс мөлшері 6 есеге артты. Бұл – 350 мыңнан астам отандасымызға көрсетілген нақты қолдау. Бұдан бөлек халықты алаяқтар арбауы мен несиелік тұзақтан қорғауға да өз үлесімізді қостық. Біз Egov жүйесі арқылы микрокредиттер алуға ерікті түрде тыйым салу құқығын енгізуге бастамашы болған алғашқылардың біріміз.
– «Ауыл» партиясының гуманистік бастамалары қандай нәтиже берді?
– Адам өміріне құрмет – өркениетті қоғамның басты өлшемі. Парламенттегі жұмысы барысында Конституцияның 30 жылдығына орай «Ауыл» фракциясы Рақымшылық туралы заңға бастамашы болды. Нәтижесінде, 2 000 астам бас бостандығынан айырылған әйел отбасына оралды, балаларымен қайта қауышты.
Тағы бір айта кететін мәселе – өңірлерді аралау кезінде «Ауыл» депутаттарына әскери қызметшілер мен сарбаздардың тамақтану сапасына қатысты бірқатар өтініш түскен болатын. Партияның Мәжілістегі фракциясы бұл мәселені назарға алып, сарбаздар азық-түлік үлесінің құнын 40% арттыру бойынша бюджетке өзгерістер енгізуге мұрындық болды. Бұл игілік биылғы қаңтар айынан бастап толық жүзеге асты.
– Сайлауалды бағдарламаларыңыздың негізгі идеясына тоқталсаңыз?
– Біздің бағдарламамыздың негізгі өзегі – өңірлерді дамыту арқылы тұтас Қазақстанның қуатын арттыру. Өйткені, ел берекесі тек үлкен қалалардан, ресми кабинеттерден емес, шалғайдағы ауылдардан, еңбек етіп жүрген қарапайым азаматтардан басталады. Сондықтан, біз өзіміздің басты қағидатымызды «Қуатты өңірлер – қуатты орталық» деп белгіледік. Онда басты басымдықтар ретінде азық-түлік қауіпсіздігі, инфрақұрылым дамыту, білім мен ғылым, әлеуметтік және отбасылық саясат, экология мәселесі қамтылды.
– Ауыл жастарын қолдауға бағытталған жобаларыңыз да бар екен. Ол арқылы қандай өзгерістерге қол жеткізуді көздеп отырсыздар?
– Ия, партия «Ауылдан диплом алуға бару және ауылға жұмыс, баспанамен оралу» жобасына бастамашы болмақ. Біздің ұсынысымыз – жастарды өз туған ауылының сұранысы, жолдамасы бойынша оқыту. Сонда жас маман оқуын бітірген соң туған жеріне жүрек қалауымен оралады, өз ауылының дамуына үлес қосады. Бұдан бөлек, шетелдің жетекші оқу орындарында аграрлық мамандықтар бойынша білім алу квоталарын көбейтіп, мектептегі оқу-өндірістік кешендерді қайта жандандырамыз.
– Сұхбат соңында сайлаушыларға қандай ой айтқыңыз келеді?
– Біздің сайлауалды бағдарламамыз – халықтың арман-тілегінен, елдің нақты қажеттілігінен туындаған жоспар. «Ауыл» партиясы әрқашан елмен бірге болды және алдағы уақытта да халықтың мүддесіне қызмет ете береді.
– Әңгімеңізге көп рахмет!
Шығарған ұйым: «Ауыл» партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі
Тапсырыс беруші: «Ауыл» партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі
Төленді: «Ауыл» партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің сайлау қорының қаражаты есебінен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







