Ақорда Ұлттық қордағы қаражаттың бір бөлігін ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық нәтиже беретін жобаларға бағыттамақ. Президент Тоқаев мұны қор жинағын есеп-қисапсыз жұмсау деп бағалауға болмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Айтуынша, Ұлттық қордың тиімділігі онда қанша қаражат жиналғанымен өлшенбеуге тиіс. Қор ел дамуына нақты үлес қосып, келер ұрпақтың игілігіне қызмет етуі керек.
«Ақшаны мақсатсыз жұмсау жөнінде сөз болуы мүмкін емес. Мұндай жорамалды мәселенің байыбына бара бермейтін, ниеті түзу емес адамдар таратып жүр», – деді Президент.
Тоқаев қор қаржысының бір бөлігі балалардың есепшотына аударылып жатқанын да еске салды. Алайда балаларға тікелей қаражат аударумен шектелу жеткіліксіз. Президенттің пайымынша, өскелең ұрпақ болашақта пайдаланатын мектеп, медицина, көлік және өзге де заманауи инфрақұрылым қалыптастыру қажет.
Ақорда қордан бөлінетін қаржы күнделікті шығындарды жабуға немесе қысқа мерзімді міндеттерді шешуге емес, ондаған жылға есептелген жобаларды жүзеге асыруға жұмсалатынын аңғартты.
«Еліміздің алдағы ондаған жылға, ал кей жағдайда жүз жылға жететін берік даму іргетасы қаланады. Мұның мемлекеттілігімізді нығайтуға тікелей қатысы бар», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Ұлттық қор қаржысын пайдалану тетігіне алдағы Жолдауында кеңірек тоқталатынын мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







