Құрылтайдың Қаржы және бюджет комитетінде 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы мен әлеуметтік-экономикалық даму болжамы таныстырылып, ел қазынасының кірісі мен шығысы кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекеттік қарыз бен тапшылық тәуекелдері
Талқылау барысында алдағы үшжылдықтағы мемлекеттік қаржының жай-күйі мен шығыстарды оңтайландыру мәселелері басты назарға алынды. Құрылтай вице-спикері Дания Еспаева жаңа құрам үшін үшжылдық бюджетті қарау аса жауапты саяси және экономикалық кезең екенін жеткізді. Оның айтуынша, қабылданатын әрбір шешім инфрақұрылымға, мемлекеттік міндеттемелерге және әлеуметтік бағдарламаларға ұзақ мерзімді әсер етеді.
«2027–2029 жылдар тапшылықты азайту және мұнай қаражатына тәуелділікті біртіндеп төмендету арқылы неғұрлым қатаң бюджеттік бағытқа көшу кезеңі ретінде мәлімделген болатын, алайда 2027 жылдың бастапқы кезеңі әлі де күрделі күйінде қалып отыр», – деді Дания Еспаева.
Вице-спикер 2027 жылы бюджетке түсетін меншікті кірістің 40,6 пайызы мемлекеттік қарызды өтеу мен оған қызмет көрсетуге бағытталатынын ескертіп, әрбір ірі шығыстың нақты нәтижесі мен заңды негізі қатаң тексерілуі қажет екенін қадап айтты.
Ұлттық қордан бөлінетін қаржы және негізгі кірістер
Үкімет ұсынған құжатқа сәйкес, 2027 жылы республикалық бюджет шығыстары 30,2 трлн теңге көлемінде жоспарланған. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен трансферттердің есебін жариялады.
«Аса маңызды объектілер мен жалпы ел үшін маңызы бар жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 2027 жылы 2 трлн теңге және 2028–2029 жылдары жыл сайын 1,5 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт көзделді», – деді Азамат Әмрин.
Оның дерегінше, бюджет кірісі 2027 жылы 19,9 трлн теңгеге жетіп, биылғы бағалаудан 2,8 трлн теңгеге артады деп күтілуде.
Тапшылықты қысқарту міндеті
Қаржы министрлігінің өкілдері өз кезегінде мемлекеттік борышты тежеу және қазына тапшылығын біртіндеп азайту тетіктерін түсіндірді. Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы 2029 жылға қарай бюджет тапшылығын жалпы ішкі өнімнің 0,4 пайызына дейін төмендету жоспары бар екенін мәлімдеді.
«Үкімет алдында бюджет тапшылығын біртіндеп азайту міндеті тұр және бұл межеге қол жеткізуге болады деп ойлаймын. Ол үшін салық салу базасын кеңейтіп, салықтық әкімшілендіруді жақсарту арқылы өз кірістерімізді арттыруымыз керек», – деді Абзал Бейсенбекұлы.
Құрылтай депутаттары мен салалық комитет Жоғары аудиторлық палатаның ескертулерін назарға ала отырып, заң жобасын бірінші оқылымға дайындау барысында тиімсіз шығыстарды қайта қарауды жалғастырады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







