Қазақстандағы кәсіпкерлер жұмыстың басым бөлігін атқарғанымен, шешуші кезеңде тоқтап қалып жатады. Белгілі кәсіпкер әрі қоғам қайраткері Жұмабек Жанықұлов мұндай мінезді «қырқына шыдап, қырық біріне шыдамау» деп бағалады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, кәсіпкерлер жоспарлаған жұмыстың 95 пайызын орындап, қалған 5 пайызына келгенде шыдамсыздық танытады. Соның салдарынан жобаға жұмсалған үш немесе бес жылдық еңбек нәтижесіз қалуы мүмкін. Уақыт, қаржы және тәжірибе бір сәттік шешімнің кесірінен зая кетеді.
– Қазақстандағы кәсіпкерлер жұмыстың 95 пайызын жасап, соңғы 5 пайызына шыдамай тоқтап қалады. Сондықтан оған дейінгі жүріп өткен үш жылдық, бес жылдық жұмыстың пайдасы көкке ұшып кетеді. Сондықтан соңына дейін бару керек, – деді Жұмабек Жанықұлов.
Кәсіпкер мұндай мәселе Қазақстанға ғана тән құбылыс еместігін атап өтті. Әлемнің әр түкпіріндегі кәсіпкерлер арасында бастаған ісінің нәтижесін күтпей, жол ортасында тоқтайтындар аз емес. Ал кәсіпкерліктегі шынайы табыс идеядан немесе алғашқы қадамнан бұрын, істі аяғына дейін жеткізу қабілетіне байланысты.
Жұмабек Жанықұлов жастарды уақытша қиындыққа бола бағытынан бас тартпауға шақырды. Оның ойынша, еңбек зая кетпеуі үшін адам бастаған жұмысының нәтижесін көруге ұмтылуы керек. Өйткені табандылық танытқан жан үшін шықпайтын шың да, аспайтын тау да жоқ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







