Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда өткен «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумында сөз сөйлеп, қос мемлекет арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңі басталғанын жариялады. Президент екі елдің іскерлік байланысын жандандыру үшін Алматыдағы басқосуды жыл сайын қыркүйек айында дәстүрлі түрде өткізіп тұруды ұсынды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бір минут үнсіздік және тұрақты диалог алаңы
Ауқымды жиын еліміздегі Жалпыұлттық аза тұту күнімен тұспа-тұс келді. Сондықтан форумға қатысушы 600-ден астам делегат пен қонақтар іс-шараны бастамас бұрын Маңғыстау облысында қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздік жариялады.
Мемлекет басшысы өз сөзінде көршілес екі елдің қарым-қатынасы сапалық жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Президенттің пайымдауынша, бұл жетістіктер Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің тікелей қолдауымен жүзеге асып отыр.
Президент Тоқаев іскер топтар арасындағы тікелей байланысты тұрақты форматқа көшіру қажеттігіне тоқталды:
«Қазақ-қытай инвестициялық форумы екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды күшейтетін тұрақты алаңға айналуға тиіс. Сондықтан осы форумды «Қазақстан – Қытай» Алматы инвестициялық диалогы деген атаумен жыл сайын қыркүйек айында өткізуді ұсынамын. Жалпы, бүгін бірқатар нақты келісімдерге қол жеткіздік. Бұл келісімдер екі елдің ғана емес, бүкіл Еуразия құрлығының орнықты дамуына тың серпін береді деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы.
100 миллиард долларлық сауда межесі және қытайлық капитал
Президент Қытайдың Қазақстан үшін ең ірі сауда серіктесі екенін мәлімдеді. Былтыр екі мемлекет арасындағы тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жетіп, 50 миллиард долларға жуықтаған. Енді екі елдің үкіметтері бұл көлемді 100 миллиард долларға дейін ұлғайту бойынша қарқынды жұмыс істеуде.
Инвестициялық ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді. Қытай тарапы Қазақстан экономикасына 29 миллиард доллардан астам қаржы салып, ең ірі инвесторлардың көшін бастап тұр.
Мемлекет басшысы елімізде қытайлық капиталдың қатысуымен 9 мыңнан астам кәсіпорын жемісті жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Бұл көрсеткіш – Қазақстанда ресми тіркелген барлық шетелдік компаниялардың әрбір жетіншісі деген сөз. Сондай-ақ енгізілген визасыз режим мен 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституция инвесторлардың құқығын қорғауға мықты кепілдік беріп отыр.
«Қытай халқы бізге ешқашан зиян тигізген емес»
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сыртқы саясатында Қытаймен мәңгілік достықты нығайту басты басымдықтардың бірі екенін қадап айтты. Ол тарихи сабақтастық пен тату көршілік қағидатына ерекше тоқталды.
«Ортақ тарихымызға үңілсек, Қытай халқы біздің халыққа ешқашан ешқандай зиян келтірген жоқ. Қос халық өзара сыйластық пен қолдау аясында көп жыл бойы бірге өмір сүрген. Ал қазіргі тұрақсыз, бұлдыр заманда Қазақстан мен Қытай сенімді серіктестер ретінде қоян-қолтық бірге әрекет етіп, сан алуан сын-қатерлерге тойтарыс беруі керек», – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тайшань тауы туралы даналық сөз
Сөзінің соңында Мемлекет басшысы қытай тіліндегі терең мағыналы мақалды мысалға келтірді: «人心齐,泰山移», яғни: «Біз бәріміз біртұтас болсақ, биік Тайшань тауын да орнынан қозғай аламыз».
Президент осы даналық сөзге сүйене отырып, Қазақстан мен Қытайдың тату көрші, адал дос ретінде алға қойған барлық ортақ жоспарларын абыроймен жүзеге асыратынына сенім білдірді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







