Air Astana Алматы мен Токио арасында тікелей әуе қатынасын ашады. Жапонияға алғашқы рейс 2026 жылғы 30 қарашада ұшады, ал Токиодан Алматыға алғашқы ұшақ 1 желтоқсанда аттанады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әуекомпанияның мәліметінше, рейстер аптасына екі рет орындалады. Ұшақтар Токионың Нарита халықаралық әуежайына қонады. Жолаушыларды бизнес және эконом-класс салондары бар Airbus A321LR тасымалдайды.
Ұшу кестесі мен жолға кететін уақыт
Алдын ала кесте бойынша Алматыдан ұшақтар дүйсенбі және бейсенбі күндері сағат 21:55-те ұшып, Токиоға келесі күні 09:25-те жетеді. Ұшу ұзақтығы — 7 сағат 30 минут.
Кері бағыттағы рейстер сейсенбі және жұма күндеріне жоспарланған. Ұшақ Токиодан 10:55-те аттанып, Алматыға 16:20-да қонады. Қайтар жол 9 сағат 25 минутқа созылады.
Барлық уақыт жергілікті уақытпен көрсетілген. Әуекомпания кестенің Үкімет мақұлдағаннан кейін бекітілетінін ескертті.
Екі бағытқа билет 350 мың теңгеден басталады
Барып-қайту билетінің ең төменгі бағасы эконом-класта барлық алымды қосқанда 350 552 теңгеден басталады. Бизнес-кластағы билет кемінде 1 398 918 теңге тұрады.
Билеттерді Air Astana сайты мен мобильді қосымшасынан, сондай-ақ әуекомпаниямен жұмыс істейтін туристік агенттіктерден брондауға болады.
Рейстер Air Astana мен Japan Airlines серіктестігі аясында екі әуекомпанияның ортақ рейсі ретінде ұсынылады.
Қазақстан азаматтарына Жапонияға бару үшін виза қажет. Ал Жапония азаматтары Қазақстанда 30 күнге дейін визасыз жүре алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







