Президент Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Қазақстан армиясын кешенді түрде жаңғыртуға арналған жаңа реформа жоспары мақұлданды. Әскер қатарындағы қайғылы оқиғалар мен әлімжеттік деректері халықтың ашу-ызасын тудырып, қоғамда қатаң талап күшейген тұста билік мерзімді әскери қызметті екі кезеңге бөліп, әскери омбудсмен институтын енгізу жөнінде шұғыл қадам жасады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әскердегі дағдарыс және қоғамның талабы
Соңғы уақытта бейбіт күнде сарбаздардың қаза табуы, әлімжеттік пен жауынгерлік жаттығулар кезіндегі салғырттық ел ішінде армияға деген сенімді күрт түсіріп жіберді. Жақында Маңғыстау облысында өткен оқу-жаттығу барысында 14 әскери қызметшінің мерт болуынан соң Қорғаныс министрлігінде басшылық ауысып, жүйені түбірімен қайта қарау қажеттігі анық байқалды.
Ата-аналардың үрейі мен азаматтық қоғамның қысымы мемлекет басшылығын әскери саланы косметикалық өзгерістермен емес, терең әрі қатаң реформалауға итермеледі. Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева таныстырған жаңа бағдарлама әскерді басқару мәдениетін жаңартып, жауынгерлердің құқығын нақты қорғауға бағытталған.
Мерзімді қызмет екі кезеңге бөлінеді
Реформаның ең негізгі жаңалығы – бір жылдық мерзімді әскери борышты өтеудің мүлде жаңа үлгісі енгізіледі. Жалпы мерзім 12 ай болып қалғанымен, қызметтің мазмұны екіге жіктеледі:
Алғашқы алты ай: жас сарбаздар тек арнайы оқу орталықтарында болады. Онда олар кәсіби-әскери машықтарды, тактикалық тәсілдерді және қару-жарақты меңгеру курсынан өтеді;
Келесі алты ай: жауынгерлер тікелей әскери бөлімдерге жіберіледі. Мұнда олар бөлімшелер құрамында нақты әскери-жауынгерлік міндеттерді орындауға кіріседі.
Мұндай тәсіл оқу орталықтарында жаңадан барған сарбаздарды тәжірибелі жауынгерлердің қысымынан оқшаулап, алғашқы бейімделу кезеңінде психологиялық және физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жол ашады.
Әскери омбудсмен: сарбаздың қауіпсіздігі басты орында
Әскер ішіндегі жабық жүйені сыртқы бақылауға ашу үшін арнайы жаңа институттар құрылады. Атап айтқанда, Әскери қызметкерлер істері жөніндегі уәкіл (әскери омбудсмен) лауазымы мен әскери консультанттар қызметі пайда болады.
Бұл құрылымдар қатардағы жауынгерлердің құқығы тапталмауын, денсаулығына зиян келмеуін және олардың шағымдары дер кезінде қаралуын қадағалайды. Командирлердің өкілеттігін асыра пайдалануына, жарғыдан тыс қатынастар мен әлімжеттікке қарсы қатаң тосқауыл қойылмақ. Сонымен бірге мектептердегі әскери-патриоттық дайындықты «Жас айбын» бағдарламасы шеңберінде қайта құру қарастырылған.
Ұшқышсыз жүйелер күштері және Президент талабы
Заманауи қарулы қақтығыстардың сипатын ескере отырып, Қарулы күштер құрылымында жеке Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру жоспарланып отыр. Әскерді цифрландыру, байланыс және қорғанысты жоспарлау тетіктері қайта жарақтандырылады.
Мемлекет басшысы армияны заманауи талаптарға сай қысқа мерзімде бейімдеу керектігін айтып, әскер басшыларына қатаң талап қойды. Командирлік құрамның жауапкершілігі мен қызметтің ашықтығы басты орынға шығуы тиіс.
«Қарулы күштердің сапасын өзгерту міндеті қойылды. Өзгерістер басқару ісін, әскери қызметшілерді даярлауды, кадр саясатын, әскери білім беруді, қорғанысты жоспарлау мен технологиялық жарақтандыруды қамтуға тиіс. Әскери қызметтің қауіпсіздігіне, әскерге басшылық ету мәдениетіне және мемлекет ресурстарын тиімді пайдалануға айрықша мән беру керек. Армияның қоғаммен қарым-қатынасы да өзгеруге тиіс. Кешенді реформа қажет. Бұл істе толыққанды шешімдер қабылданбайынша, көздеген нәтижеге жету мүмкін емес», – деді Президент Тоқаев.
Өзгерістер қашан жүзеге асады?
Бекітілген жоспарға сәйкес, ұйымдастыру шаралары 2026 жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс. Ал негізгі тұжырымдамалық жаңалықтар мен жаңа қызмет үлгісіне көшу 2027 жылдың басынан бастап кезең-кезеңімен іске асырылады.
Сонымен бірге жыл аяғына дейін Қорғаныс министрлігінің қызметін жан-жақты тексеріп жатқан арнайы мемлекеттік комиссияның жұмысы қорытындыланбақ. Әскери саладағы реформалардың орындалу барысын Үкімет пен Қауіпсіздік кеңесі бірлесе бақылайтын болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







